ШҚО-да соғыс ардагерлерінің қатысуымен патриоттық сабақтар өтті
Шығыс Қазақстан облысында соғыс ардагерлерінің қатысуымен патриоттық сабақтар өтті.
Бүгінде өңірде 6 майдангер тұрады. Олар жас ұрпаққа жауынгерлік ерлік жолдарынан естеліктер айтып, бейбітшіліктің қадірін ұғындырды. Өскемендік ардагер Александра Саратовцева биыл 101 жасқа толды. Кейуана жеңіс күні қарсаңында оқушылармен кездесті. Сұрапыл жылдардың куәгері майданға 19 жасында аттанып, инженерлік әскер қатарында қызмет еткен.
Александра Саратовцева соғыс жылдары инженерлік батальон құрамында бораған оқ, жарылған бомба астында жүріп, талай көпірлер салып, қорғаныс бекіністерін тұрғызды. 19 жастағы Саша сол кездің өзінде қайсар мінезімен ерекшеленді. Ерлермен иық тіресе еңбек етіп, қиын жұмыстарды мойымай істеді.
Александра Саратовцева, соғыс ардагері:
- Кір де жудық, тамақ та пісірдік. Қаншама адамды тамақтандыру оңай емес. Қара жұмысқа да араластық. Жеңіс жолында барымызды салдық. Міне соның жемісі. Бүгінде еліміз тыныш, бейбітшілік заманда өмір сүріп жатырмыз. Жастарымыз да өз елін сүйіп, патриот болғаны дұрыс.
Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Өскемендегі әскери-патриоттық клубтың жетекшісі Борис Воробьёв оқушылармен бірге Александра Саратовцеваны арнайы құттықтап келді. Олар ардагерге соғыс даласынан табылған сарбаз қазанын табыстады. Сұрапыл жылдары майдандас достарымен талай бөлісіп тамақ ішкен ыдысты қолына алған кейуана тебіреніп, көзіне еріксіз жас алды.
«Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран». Соғыс ардагерлерінің сұрапыл жылдардағы ерлігі де ешқашан ұмытылмайды. Бүгінде санаулы ғана қалған батырлармен кездесулер, еске алу кештері жиі ұйымдастырылып тұрады, дейді клуб жетекшісі.
Борис Воробьёв, әскери-патриоттық клуб жетекшісі:
- Былтыр біз Ленинград қоршауының тарихына қатысты шара өткіздік. Ал биыл Мәскеу шайқасына назар аудардық. Яғни жыл сайын Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының бір парағын жас ұрпаққа ашып көрсетеміз.
Ал жастар ардагерлерге өздерінің құрметін көрсетіп, сұрақтарын қойды. Мұндай патриоттық сабақтар оларға рух беріп, елге қызмет ететін тұлға болап қалыптасуына сеп болады.
Злата Коломеец, №29 мектептің оқушысы:
- Бізге бұл кісілер туралы айтып берді. Олардың өмір жолы өнегеге толы. Осынша жасқа келсе де жастарға үнемі уақыт тауып, ақыл-кеңесін айтып жүреді. Ардагерлер нағыз патриотизмнің үлгісі.
Шығыс Қазақстан облысы батырлар өлкесі. Өңірден майданға 182 мың 604 адам аттанса, олардың 95 мың 870-і ерлікпен қаза тапты. Жанқиярлық ерлігі үшін 109 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Руслан Нұрланұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин