12 мамыр — Халықаралық мейіргер күні.

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда 145 мыңнан астам мейіргер кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр, деп хабарлайды «24KZ».

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мейіргерлер медицина саласындағы ең ірі мамандар тобы болып табылады. Олар пациенттерге алғашқы қабылдаудан бастап емдеу және оңалту кезеңдеріне дейін үздіксіз медициналық көмек көрсетіп, қызмет сапасының сақталуын қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде 188 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың басым бөлігі — мейіргерлер. Бұл мамандардың 50 мыңнан астамы ауылдық жерлерде, ал шамамен 65 мыңы алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде қызмет атқарады.

Салада мейіргерлердің кеңейтілген тәжірибесі дамып келеді. Олар созылмалы аурулары бар науқастарды бақылауға, профилактика жүргізуге, кеңес беруге және динамикалық мониторинг жасауға қатысады.

Мейіргер мамандарын даярлау еліміздегі 94 медициналық колледжде жүзеге асырылады, оның ішінде 42 оқу орны жоғары медициналық колледж мәртебесіне ие. Қазіргі таңда бұл оқу орындарында 109 мыңнан астам студент білім алуда.

Қазақстанда мейіргер ісі мамандарын даярлау көпдеңгейлі жүйе бойынша жүзеге асады: кіші мейіргер деңгейінен бастап бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларына дейін бар.