Қарағанды облысында металлургиялық кокс өндіретін зауыт салынады
Қарағанды облысында жылына 1 млн тоннаға дейін металлургиялық кокс өндіретін зауыт салынады.
Онда 500-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Жерасты кенішінің құрылысына қосымша 500 жұмыс күші тартылады. 63,5 млрд теңге жеке инвестиция қаржысы салынатын өндіріс орнын 2029 жылы іске қосу жоспарланған. Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Энергетика министрлігі мен «Kazakhstan Success Coking Energy» ЖШС арасында келісім мақұлданып, бүгін Премьер-министр тиісті қаулыға қол қойды. Зауыт көмір шикізатын терең өңдеуді дамытуға, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға және отандық өнеркәсіптің әлеуетін нығайтуға бағытталған. Бұл өнімдер энергетика, ауыл шаруашылығы, металлургия, фармацевтика және басқа да салаларда кеңінен қолданылады. Ішкі нарық толық қамтылған соң, артық өнім экспортқа шығарылады. Сондай-ақ инвестор құрылыс барысында отандық өндірушілердің тауарларын, жұмыс күшін және қызметтерін пайдалануға басымдық беруге міндеттеме алады.