Креативті индустрияның әлеуеті қандай?

Қазақстан шикізатқа тәуелділіктен арылып, «идеялар экономикасына» бет бұруды көздеп отыр. 

Бүгінде әлемдік нарықты жаулаған Netflix, TikTok және Spotify сияқты алпауыттар миллиардтаған доллар табыс тауып, жаһандық трендті қалыптастырып жатыр. Отандық нарықтың да әлеуеті орасан. Қазіргі уақытта елімізде креативті индустрия саласында 150 мыңға жуық маман еңбек етеді. Олар 1 триллион 200 миллиард теңгенің өнімін жасағанымен, бұл ел экономикасының небәрі бір-ақ пайызын құрап отыр. Мәжілісте көтерілген басты мәселе – авторлық құқықтың қорғалмауы. Отандық фильмдер мен туындылар жарыққа шыға сала, интернетте заңсыз таралып, авторларды орасан шығынға батырып отыр. Бұдан бөлек, қаржыландырудың ашық еместігі, нарықта цифрлық аналитиканың жоқтығы және жасанды интеллект бағытындағы гранттардың тапшылығы таланттардың дамуын тежеп отыр. Сала өкілдерінің айтуынша, әкімдіктер мен мемлекеттік органдар креативті бағытты жай ғана «мәдени-іс шара» деп қабылдауды қойып, толыққанды экономика саласы ретінде қарастыруы тиіс екенін айтты.

Нұргүл Тау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ауылда мықты-мықты балалар, талланттар бар. Олар бірақ қай жерге, қалай бару керек екенін, жолын білмейді ғой, жақсы контент түсірді ма, оны ақшаға айналдыруды білмейді. Монетизацияны қалай істейтінін білмейді. Әр аймақта хаб құрылды. Осы хабтың негізінде әкімдіктерге мүмкіндік беріп отырмыз. Сендер талланттар шығарыңдар. Енді тек Алматы, Астанаға ғана жібермей, халықаралық аренаға шығару керек.