Шымкентте туризмді дамыту үшін «онлайн гид» қызметі іске қосылады

Жасанды интеллект негізіндегі жүйе смартфон арқылы бағыттарды таңдайды.

Қазір қалада көне кесенелер жаңғыртылып, тарихи маңызы бар нысандардың аумағы абаттандырылып жатыр. Сала мамандарының айтуынша, биыл этнотуризмге сұраныс артқан. 

Шымкент туристер саны бойынша елдегі үздік бестіктің қатарында. Былтыр мегаполиске жарты миллионнан аса адам келіп, тарихи, мәдени және экологиялық бағыттар бойынша саяхаттаған. Биыл бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болады деп болжанып отыр. Сол себепті саланы жетілдіру үшін цифрлық технологияға басымдық беріліп, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін «онлайн гид» іске қосылмақ.

Бексұлтан Әділханов туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы:

- Онлайн Гид қалада қандай қонақ үйлер бар!? Олардың бағасы қандай!?  Сонымен қатар белгілі бір туристік объектіге қалай өтуге болатыны жөнінде толық 24/7 кез келген тілде туристерге ақпарат беруге мүмкіндікке ие жасанды интеллект жұмыс істейтін болады.

«Сайрамда бар сансыз баб». Орталық Азиядағы көне шаһарда 30-дан астам тарихи-мәдени нысан бар. Сондықтан мұнда өлкетанушылар мен зиярат етушілер жыл он екі ай үзілмейді. Қазір туристік бағыттарды тартымды ету үшін Ибрагим ата мен Қарашаш ана, Мірәлі баб пен Әбділ Әзіз баб кесенелерінің аумағы жаңғыртылып жатыр. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- «Қызыр мұнарасы» - ең көне сәулет ескерткіштерінің бірі. Сан ғасырлық тарихы бар кешен аумағы бүгінде абаттандырылып, жан-жағы ретке келтіріліп, жаңғыртудан өтіп жатыр. Өңірге саяхаттап келетін туристердің көбін осындай тарихи орындар қызықтырады. Сондықтан этнотуризмді дамыту маңызды. 

Саяхаттаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін туристік бағыттар қажетті сервистік инфрақұрылыммен қамтылады. Биыл меймандарды орналастыратын төрт қонақүй ашылса, тағы тоғызының құрылысы жүріп жатыр. Туроператорларының айтуынша, бұл өңірдің туристік әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. 

Сұлтанмұрат Халмұратұлы, туристік компания жетекшісі:

- Түркістанға қаншама туристер келіп жатыр. Ол жақтан Қожа Ахмет Ясауидің атасы мен анасын, бабаларын іздеп Сайрамға келген туристер осындағы туристік аймақтарды аралап қайтадан Түркістанға кетеді. Оларды күтіп аламыз. Зиярат орындарын аралатамыз. Әрбір туристік аймақтарға 2 жұмысшыдан қойып жатырмыз. 

Қаланың ең биік нүктесінде орналасқан этноауыл жақын күндері есігін қайта ашады. Инвестор есебінен нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, тозған кешен толық жаңартылып жатыр. Қолданысқа берілген күннен бастап QR-маршрут жүйесіне қосылмақ.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов