Атырау облысында 1500 жаңа жұмыс орны ашылады
Атырау облысында Қытай Халық Республикасымен бірлескен жаңа кәсіпорындар ашылады. Нәтижесінде 1500 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, бірқатар ірі компаниямен инвестициялық меморандумдарға қол қойды. Келіссөздер барысында өңірде жоғары технологиялық өндірістерді іске қосу, жаңа жұмыс орындарын ашу және импортқа тәуелділікті азайту мәселелері талқыланды.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесінің бірі. Экономиканы әртараптандыруда аспан асты елімен ынтымақтастықты дамыту маңызды. Сапар аясында облыс делегациясы Қытайдың жетекші өнеркәсіптік компанияларының жұмысымен танысып, бірнеше кездесу өткізді.
Нәтижесінде 3D металл баспа технологиясына негізделген өндірісті биыл жүзеге асыру көзделіп отыр. Apex Century – FastForm 3D компаниясы өңірде күрделі металл бөлшектері мен қосалқы жабдықтар шығаруды жоспарлауда. Бұл жоба мұнай-газ, машина жасау және сервистік салалардағы кәсіпорындарды заманауи технологиялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал Shanghai North Glass компаниясымен өңірде шынықтырылған шыны шығаратын өндіріс ашу туралы меморандумға қол қойылды. Жоба аясында шамамен 30 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұдан бөлек, Warom Technology компаниясымен «Атырау» арнайы экономикалық аймағында жарылыстан қорғалған электр техникалық жабдықтар өндірісін ашу мүмкіндігі қарастырылуда. Сонымен қатар экология мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Сәттіғұл Сабыров, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:
- Атырау облысының әкімдігі, «China MCC20 Group Corp. Ltd.» компаниясы және «СпецАвтоБаза» ЖШС арасында Waste-to-Energy технологиясы бойынша тәулігіне 600 тонна қатты тұрмыстық қалдықты өңдеп, одан энергия өндіру зауытын салу жөнінде үшжақты меморандумға қол қойылды. Инвестиция көлемі шамамен 93 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұдан бөлек, 38 мың гектар жерді көгалдандыру және өңірдің климаттық жағдайына бейімделген өсімдіктер мен ағаш түрлерін іріктейтін арнайы ғылыми-зерттеу институтын құруды көздейтін ауқымды экологиялық жоба бойынша меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ күкірт қалдықтарын өңдеу және бентонитті тыңайтқыштар өндіру жобасы бойынша меморандумға қол қойылды. Қытайлық компаниямен жасалған келісім шикізатты терең өңдеуді дамытуға бағытталған. Өнеркәсіптік жабдықтарды қалпына келтіру саласында да жаңа жоба қолға алынбақ. «Хэбэй Жуйчжао Лазерлік қалпына келтіру» компаниясы Атырау облысында компрессорлар, турбиналар және электр қозғалтқыштарын жөндейтін арнайы цех ашуды жоспарлап отыр. Жоба іске асса, 50-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Жалпы жұмыс сапары аясында жасалған келісімдер. Атырау облысының инвестициялық әлеуетін арттырып, жаңа өндірістер ашуға, технология трансферін дамытуға және 1500 жаңа жұмыс орнын құруға негіз болмақ.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин