Елордада «KazLeasing-2026» форумы өтті
Елде жеке лизинг секторы қарқынды дамып келеді. Бүгін елордада өткен «KazLeasing-2026: Лизингті трансформациялау: Бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» атты форумда саланың ең өзекті мәселелері талқыланды.
Өткен жылы құрылған жеке лизингтік компаниялар қауымдастығы бұл бағытқа жаңа серпін берген. Сарапшылардың айтуынша, лизинг — шағын және орта бизнес үшін таптырмас құрал. Ол кәсіпкерлерге өндірістік жабдықтарды, коммерциялық техника мен арнайы көліктерді тиімді шарттармен жаңартуға мүмкіндік береді. Әсіресе өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қолдау үшін мемлекет тарапынан жаңа жеңілдіктер қарастырылуда. Конференция аясында халықаралық трендтер, цифрландыру және мониторинг жүйелері сөз болды. Сондай-ақ сарапшылар жеке лизингтік компаниялар үшін екінші деңгейлі банктер, инвестициялық қорлар мен облигациялар нарығы арқылы қаржы тартудың ең өзекті тетіктерін ортаға салды.
Дархан Әбдіқалық, KazLeasing Қазақстан Лизинг қауымдастығы президиумының мүшесі:
- Бүгінгі таңда Қазақстанда квазимемлекеттік құрылымдарды есептемегенде, 20-ға жуық белсенді жеке лизингтік компания бар. Олардың барлығы дерлік біздің қауымдастыққа мүше. Қазіргі басты міндет – осы өнімді нарықта танымал ету. Себебі лизинг дәстүрлі банктік несиеге қарағанда әлдеқайда жеңіл. Мұнда ешқандай кепілзат талап етілмейді. Форумның күн тәртібіндегі негізгі мәселе жеке лизингтік компанияларға қаржы тарту болды. Жиынға Ұлттық банк, «Даму» қоры және Кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері қатысып, нақты тетіктерді ұсынды. Мамандардың сөзінше, бұл секторды екінші деңгейлі банктер, инвестициялық қорлар және қор нарығындағы облигациялар арқылы қаржыландыруға болады.