Үш айда 535 экономикалық қылмыс тіркелді

Биылғы бірінші тоқсанда экономикалық салада 500-ден аса қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Басты себеп – дропперлік.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сай, экономикалық қылмыстардың статистикасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе өскен. Дропперлермен күрес қалай жүріп жатыр? 

Рухани Әбдірахман, тілші:

- Былтырғы қаңтар-мамыр аралығында экономика саласында 220 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, биылғы үш айда 535-ке жетті. «Күрт өсудің басты себебі – дропперлік», - дейді мамандар. Иә, қаржылық алаяқтықтың бұл түрі үшін былтыр Қылмыстық кодекске нақты жазалау шаралары енгізілді. Өткен жылдың соңғы 4 айында «дропперлік» бабы бойынша 53 қылмыс тіркелсе, биылғы қаңтар-наурыз аралығында қылмыс саны 400-ге жуықтады.

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми:
- Дропперлік бүгінгі таңда қаржылық интернет алаяқтық, криптовалюта операцияларында, заңсыз ойын бизнесі, есірткі айналымында әр-түрлі бағытта дропперлік мәселесі бар. Олар экономикалық қылмыстардың әр-алуын түрлерінде қолданылатындықтан адамдарға деген қауіп жоғары. Жуырда ғана біз агенттік тарапынан БҚО-да интернет алаяқтық бойынша 200-300 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алып отырып өзінің банк шоттарына доступ берген. Олардың жолы бүгінгі таңда кесіліп отыр.

Ал «классикалық» модельдегі экономикалық қылмыстардың үлесі азайған. Мәселен, 1-тоқсанда «Қаржы пирамидасын құру», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстату» баптары және жалған ақша жасауға қатысты қылмыс саны 3 есе төмендеді. Сонымен қатар экономикалық сипаттағы қылмыстардан келтірілген залал көлемі екі есеге азайды. Оның ішінде қылмыстық жолмен алынған кірісті жылыстатудан келтірілген шығын көлемі 10 млрд теңгеден 4 млрд теңгеге дейін айтарлықтай төмендеді. Бұдан не аңғарамыз? Қылмыспен күрестің тиімділігі артты. Дегенмен бұл алаяқтық схемалардың өзге арналарға ауысқанын да білдіруі мүмкін.

Экономикалық қылмыстар ең алдымен мемлекетке шығын келтірсе, жеке тұлғаларға тигізген залалы да үлкен әлеуметтік мәселе. Экономикалық сипаттағы барлық қылмыстардың қатарында қазақстандықтар қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардан жиі зардап шегеді. Мәселен, елде қаржы пирамидасын құрып, қарапайым тұрғындарға жоғары табыс табуды уәде еткен күдіктілердің бірі Грузиядан табылып, экстрадицияланды.

Ерлан Жанпейісов, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:
- Қылмыстық топ мүшелерінің заңсыз әрекеттері нәтижесінде азаматтарға жоғары табыс табуға уәде беру арқылы 10 млрд теңгеден астам қаражат тартылған. Сыбайлас қатысушылардың бірқатары бұрын бас бостандығынан айыру жазасына сотталған, аталған күдікті қылмыс жасағаннан кейін бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған. 2026 жылғы ақпан айында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды.

Кибергигиена маңызды. «Әсіресе егде жастағы тұрғындар мен аңғал жастар қырағы болғаны жөн», - дейді заңгерлер. Егер биржа, инвестициялық компания тарапынан «аса тиімді» ұсыныс жасалса, бұл – алаяқтардың құрығы болуы мүмкін. Алайда саналы түрде де дропперлікке баратындар бар. Аз уақытта мол олжаға кенелуге қызығады. Сол сияқты, қаржылық пирамидаға ерікті түрде қаржысын салатындар әлі де табылады.

Заңгер: Қаржы пирамидасына ерікті түрде ақша салатындар бар

Нұрсұлтан Орынбеков, заңгер:
- Жақында ғана екі аптаның көлемінде ҚМА Қоғамдық кеңесі, заңгерлік қызметімнің аясында пирамиданың жолын кестік. ЦВК деген алғашында Әзержайжанда тараған. Одан біздің нарыққа келген. Аз уақыттың ішінде адамдар тез байығысы келіп, тауар саттық дейді, сатып алушысы жоқ оның. Ақша салсаң болды, артынан адам әкелсең болды. Кеше жабылды. Жапқанымыз не керек, келесі күні бір әріпін өзгертіп ВВК деп пирамида ашылды. Адамдар соған да ағылып жатыр.

Алаяқтық мәселесімен күресте банктер, киберқауіпсіздік компаниялары мен мемлекеттік органдар күш біріктірді. Елде технологиялық қорғаныс жүйелері, антифрод орталығы құрылды. Банктер заңсыз әрекеттерді болдырмау үшін биометриялық жүйелерді қолданып, күмәнді транзакцияларды байқаса, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін банк картасын уақытша бұғаттай алады.

Антифрод жүйесі 100 млн қоңырауды бұғаттады

Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы:
- 2025 жылдың соңғы айлары және ағымдағы жылдың I тоқсан қорытындысы бойынша интернет алаяқтықтың тіркелуінде 6 пайыздан астам азаюын байқап тұрмыз. Технологиялық тұрғыдан байланыс операторларымен бірлесіп, Қазақстан аумағында шетел мемлекет алаяқтық қоңырауларлы бұғаттауға жұмыс жүргізіліп жатыр. Антифрод жүйесінің іске қосылуынан бастап, бүгінгі таңда 100 миллионнан астам қоңырау бұғатталды.

Биыл киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі үш жылдық бағдарлама іске қосылды. Ішкі істер министрлігі киберқылмыстарды жасауға қатысы бар барлығы 909 адамды анықтады. Оның 12-сі шетел азаматы. Бүгінде 662 адамға ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылып, 88-і қамауға алынды.