Атыраудағы резонансты іске қатысты сот отырысы басталды

Фото: видеодан алынған кадр

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір отбасының қаза табуына қатысты атышулы қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды «24KZ».

Сот  ашық форматта өтіп жатыр. Сот отырысына судья Зарема Хамедуллина төрағалық етуде. Өңірдегі  резонансты әрі ауыр қылмыстық істер көп жылдан бері осы судьяға тапсырылып келеді.


 Басты айыпталушы отбасының бұрынғы күйеу баласы  Сұлтан Сәрсемәлиев. Оған төрт адамды өлтірді, сондай-ақ марқұмдардың малын сатып, банк карталарын иемденді деген айып тағылған. 
Сотқа ол арнайы күзетпен жеткізілді.

Айыпталушыны мемлекет тағайындаған адвокат қорғауда. Ал оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева айыпталушылар тізіміне енбеген.

Еске салсақ, бұған дейін Жангелдин ауылында ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы із-түзсіз жоғалып кеткені хабарланған еді. Кейінірек, 6 қаңтарда олардың мәйіттері үй жанындағы қорадан табылған.

Бұл оқиға Атырау облысы тұрғындары арасында үлкен қоғамдық резонанс тудырды.