Қазақстанда 400 мың адам жұмысынан айырылуы мүмкін: ЖИ еңбек нарығын қалай өзгертеді?
Қазақстанда жасанды интеллектіні енгізу салдарынан алдағы он жылда 400 мыңға дейін адам жұмысынан айырылуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, бұл еңбек нарығына қысым түсіргенімен, экономика үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, деп хабарлайды «24KZ».
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тлеуленова Қазақстан экономикасында бүгінде шамамен 9,8 млн адам жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Оның айтуынша, 400 мың жұмыс орнының қысқаруы еңбек нарығы үшін айтарлықтай көрсеткіш.
Бүгінде Қазақстан экономикасында шамамен 9,8 млн адам жұмыспен қамтылған. 400 мың жұмыс орнының қысқаруы – елдегі жалпы жұмыспен қамтудың шамамен 4%-ы, ал еңбек нарығы үшін бұл айтарлықтай көрсеткіш, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар ол жасанды интеллект экономика үшін тек тәуекел ғана емес, жаңа өсім көзі екенін айтты.
PwC бағалауы бойынша, ЖИ-дің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 2030 жылға қарай $15 трлн-нан асуы мүмкін, – дейді қаржыгер.
Сарапшының пікірінше, жасанды интеллект еңбек өнімділігін арттырып, операциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе банк секторы, логистика, тау-кен өнеркәсібі, сауда және мемлекеттік басқару салалары үшін маңызды.
Artificial Intelligence құжат айналымы мен күнделікті операцияларды ішінара автоматтандырудың өзі бизнес пен мемлекетке жыл сайын жүздеген миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік береді, – дейді Саида Тлеуленова.
Қаржыгер ЖИ-дің экономиканы «көлеңкеден шығаруға» да ықпал ететінін атап өтті.
Процестер неғұрлым цифрлық форматқа көшсе, сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі схемаларға және адами факторға орын соғұрлым аз қалады. Мемлекет үшін бұл салық түсімдерінің артуын және бюджеттік шығындардың тиімділігін білдіреді, – дейді ол.
Сарапшы мемлекеттік сектордағы цифрландырудың да маңызын ерекше атап өтті.
Мемлекеттік қызметтерді, аналитиканы және деректерді өңдеуді автоматтандыру бюрократияны қысқартып, шешім қабылдауды жеделдетіп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыра алады, – дейді қаржыгер.
Оның айтуынша, жасанды интеллект жаңа мамандықтардың пайда болуына да негіз болады. Қазірдің өзінде әлемде деректерді талдау, киберқауіпсіздік, цифрлық инфрақұрылым және ЖИ шешімдерін әзірлеу саласындағы мамандарға сұраныс артып келеді.
Егер Қазақстан білім беру және кадр даярлау жүйесін уақытында бейімдей алса, ел технологияларды тек тұтынушы емес, өңірдегі жаңа цифрлық экономиканың бір бөлігіне айналу мүмкіндігіне ие болады, – деп атап өтті сарапшы.
Саида Тлеуленованың пікірінше, Қазақстан үшін жасанды интеллект технологиялық әрі әртараптандырылған экономикаға көшу құралдарының біріне айналуы мүмкін.