Елде дәрі-дәрмекті тіркеу мерзімі қысқарды

Жеке дәріханалар тегін дәрілерді сатумен айналысқан. Елде дәл осындай 4 мыңнан астам дерек тіркелді. Бұл туралы Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында айтылды.

Отырыста фармацевтика индустриясын дамыту перспективалары талқыланды. Қатысушылар тағы бір жүйелі проблема ретінде шетелдік өндірушілердің ел нарығына кіруіндегі қиындықтарды атап өтті. Мәселені шешу үшін депутаттар түзетулер әзірлеген еді. Атап айтқанда, халықаралық FDA және EMA ұйымдары мақұлдаған дәрілік препараттарды 15 күнге дейінгі мерзімде жеделдетіп тіркеу тәртібі енгізіліп жатыр. Сондай-ақ сараптаманы, тіркеуді және бағаны белгілеуді 100 күнге дейінгі мерзімде бірыңғай процесске біріктіретін «композиттік қызмет» тетігі іске қосылады. Бұл заңды Мәжіліс қабылдады. Қазір Сенатта қаралып жатыр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Азаматтар дәріханадан өз ақшасына бір дәріні сатып аламын десе де, ол дәрілерді таппайды. Сондықтан шетелге демалуға барған, қонаққа барған туыстарына, достарына кәдімгідей тапсырыс беруге мәжбүр. Сосын сол шетелден алғызады. Неге бізде қолжетімсіз? Бір ауруды емдеуге бірнеше дәрі болса, оның бағасы да төмендейді. Оның қолжетімділігі де болады. Сондықтан біз осы қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін арнайы заң қабылдадық. Мысалы, Еуропада, әлде АҚШ-та қолданылып жатқан дәрілер бізде бес жылдап тіркеу үшін дәліздерде тосып тұрмайды. Оны 15 күннің ішінде тіркеуге мүмкіндік бердік.