Қазақстандықтардың 70%-дан астамы онлайн сатып алудан төлем кезеңінде бас тартады
Интернет алаяқтарға жем болудан қорыққан қазақстандықтар онлайн саудасын жол ортадан тоқтата бастады. Сатып алушылардың 70 пайызы төлем жасау кезінде бас тартады.
Зерттеуді цифрлық төлемдер саласындағы жетекші компания жүргізді. Әдетте мұндай есептер тұтынушыларды жоғалтпау үшін қандай техникалық өзгерістер қажет екенін анықтауға көмектеседі. Зерттеу қазақстандықтардың сақ қимылдай бастағанын көрсетіп отыр.
Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы онлайн сауда кезінде төлем жасау немесе банк картасын тіркеу сәтінде сатып алудан бас тартатынын айтқан. Бұған көбіне жеке мәліметтердің қауіпсіздігіне сенімсіздік пен тапсырыс рәсімдеу барысының күрделілігі себеп. Бұл - цифрлық төлемдер саласындағы жетекші компания жүргізген аналитикалық зерттеудің нәтижесі. Зерттеу барысында респонденттердің тең жартысы интернет-дүкен таңдауда сайттың сенімділігі мен банк картасы деректерінің қорғалуына ерекше мән беретінін жеткізген.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір «цифрлық алаңдаушылық» деген ұғым пайда болды. Яғни адам өзін кез келген сәтте біреу алдап кетуі мүмкін деп сезінеді. Егер ол шектен шықпаса, бұл - орынды әрі қалыпты сақтық. Цифрлық ортада адам әрдайым сақ болуы керек. Бір батырманы басып төлем жасағанда немесе смс арқылы қандай да бір келісім бергенде, оның қағазға қол қойып, мөр басқанмен бірдей заңды әрекет екенін түсіну қажет. Яғни әрбір батырманың артында нақты ақша тұрғанын ұмытпаңыз.
Депутаттың айтуынша, халықтың цифрлық сауатын арттыру аса маңызды. Тек контент жасауды, жасанды интеллектіні пайдалануды немесе мемлекеттік қызметтерді онлайн алуды үйрету жеткіліксіз. Ең алдымен жеке деректерді қорғау, фишингті ажырату және интернеттегі қауіптен сақтану жолдарын меңгеру маңызды.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір цифрлық сауаттылыққа қатысты білімді барынша кеңінен таратуымыз керек. Сонда ғана адамдар өзін сенімді сезінеді. Өйткені бүгінде көптеген қызметті онлайн форматқа көшіріп жатырмыз. Бірақ егер адамдар цифрлық қарым-қатынасқа дайын болмаса уақытты үнемдеу мен қызмет көрсетуді жеңілдетуге бағытталған барлық жұмыс нәтижесіз болады. Сондықтан цифрландырумен қатар халықтың сауатын да қатар дамыту қажет. Әрбір азамат интернеттегі әрекетінің қауіпсіз екеніне сенімді болуы тиіс.
2020 жылдан бері Қазақстандағы электронды сауда көлемі жеті есе артқан. Ақшалай айналым көлемі 3 триллион теңгеден асты. Бөлшек саудадағы онлайн-коммерция үлесі шамамен төрт есеге көбейді. Ал интернет арқылы жасалған сатып алулар саны 162 миллионға жетті.
2020–2026 жж.
Электронды сауда көлемі – 7 есе өсті
Жалпы көлемі: ₸ 3,2 трлн
Бөлшек сауда
Онлайн сауда үлесі – 4 есе өсті
Онлайн сатып алулар саны – 162 млн
Әсел Исабекова, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Ішкі сауданы дамыту департаментінің Электронды сауда басқармасының басшысы:
- 2025–2026 жылдары онлайн сауданың өсу қарқыны сақталып отыр. Бұған мобильді қосымшалардың дамуы, жеткізу қызметтерінің көбеюі және маркетплейстердің ауқымын кеңейтуі әсер етуде. Өткен жылмен салыстырғанда интернет арқылы тапсырыс беру жиілеп, сатып алынатын тауар түрлері де көбейген. Тұтынушылар тауар таңдаудың мол мүмкіндігі, бағаның қолжетімділігі және тапсырыс рәсімдеудің ыңғайлылығы үшін маркетплейстерді жиі таңдайды.
Айта кетейік, зерттеу нәтижесіне сәйкес, электронды тапсырысты рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру қолданылса, онлайн саудаға деген сенім де арта түспек. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 95 пайызы мұндай тәсіл олардың интернет-дүкендерге деген сенімін едәуір күшейтетінін айтқан.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Сәния Көпжасарова