Биік үйлер қауіпке айналды
Қалада жүру қауіп болып барады.
Төбеңізден кірпіш болмаса кафель құлап кетуі мүмкін.
Аспанмен таласқан зәулім ғимараттардың бары жақсы, бірақ ескірген сайын кетеуі кете бастаған. Бұған үй иесі тұрғындар да қайран қыла алмай отыр. Жекеменшік баспананы әкімдік те жөндеп бере алмайды. Ал болашақта мұндай үйлер көбеймесе азаймайды. Өйткені Астана қанатын кеңге жайып келеді. Енді қайтпек керек? Жаңа Құрылыс кодексі қандай пайда береді?
Елорда төріндегі мына биік үйлердің маңынан жүру қауіпті. Бұл жерде дәл осындай 7 ғимарат тұр. Жұртта "7 бөшке" атап кеткен. Қауіпті үйлердің маңына лента тартып, ескерту жасап қойған. Бірақ бұл үйлердің тұрғындары ешқайда кеткен жоқ. осында тұрып жатыр. Қауіптісі, жел үп етсе төбеден кафель құлап кетуі мүмкін. Сол үшін тұрғындардың шыбын жанын шүберекке түйіп, бала шағаға алаңдап, мазасы қашқалы біраз жыл. Халық боп жиылып, үйдің кіреберісі мен инженерлік желілерін өздері жаңаалған. Бірақ ғимараттың сыртын қаптауға қалта көтермейді.
Светлана Етимова, меншік иелері бірлестігінің төрағасы:
- Біз шатырды жөндедік, 2 бірдей жеделсаты орнаттық. Кіреберіске жөндеу жүргіздік. Жылу желілерін ауыстырдық. Енді үйдің қаспеті ең өзекті мәселе болып тұр. Тиісті мемлекеттік органдарға өтініш жолдадық.
Астанада, өзге де өңірлерде мұндай кетеуі кетіп тұрған үйлер баршылық. Бәрінің проблемасы бір. Үйдің қасбетін жаңартуға тұрғындардың шамасы жетпейді. Ал үй жекеменшік болған соң әкімдік те жөндеп бере алмайды. Енді көп жылдан бері шешілмей келген осы түйінді тарқату үшін салада жаңа талап енгізіледі. Яғни Мемлекеттік бақылау органдары арыз-шағымнан бөлек тапсырыс беруші алдын ала ұсынған кесте бойынша құрылыс нысандарын тексеріп отырады.
Елдос Ақбердиев, ҚР ӨҚМ Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас сарапшысы:
- Арыз-шағымдар, мемлекетік органдардың хаттары, прокуратураның тапсырмалары негізінде тексеру жүргізілетін. Ал қазір содан бөлек қосымша осы жоспар графигіне сәйкес тексеру бойынша жаңа функция енгізіліп жатыр.
Техникалық қадағалаушылар да енді өздігінен шешім қабылдай бермейді. Қорытынды мемлекеттік сәулет-құрылыс мамандарының келісімі негізінде бекітіледі. Сонымен қатар мердігер компаниялардың құрылыс нысанына беретін кепілдік мерзімі қайта қаралды. Яғни мердігер салған үйінің сапасына 5-10 жылға дейін жауапты болады.
Елдос Ақбердиев, ҚР ӨҚМ Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас сарапшысы:
- Құрылыс кодексі күшіне енген күннен бастап, құрылыстың кепілдік мерзімі құрылыстың сапасына 5 жыл болды кем дегенде. Ал тіреу-қоршау конструкцияларына, шатыр конструкцияларына 10 жылдан кем емес кепілдік мерзімі орнатылды.
Жаңа Құрылыс кодексі биыл 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Құжат құрылыс сапасын арттырып, ашықтықты қамтамасыз етуді көздейді. Сол арқылы жауапкершілік те күшеюі тиіс.
Еркебұлан Смадияров, Мерей Талап