Креативті индустрия тәжірибесі

Сонымен еліміздегі креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасына 18 мемлекеттің тәжірибесі негізге алынған. 

Негізгі бағдар ретінде Ұлыбритания мен Оңтүстік Кореяның үлгісі қарастырылған. Британиялық модель креативті экономиканың экспорттың негізіне айналып, мемлекет бюджетіне миллиардтаған доллар табыс әкелуге қабілетті екенін көрсетеді. Ал Оңтүстік Корея мәдени экспорт арқылы жаһандық ықпалын күшейткен ел ретінде үлгі болып отыр. Сонымен қатар соңғы жылдары әлемдегі ірі сериал экспорттаушы елдердің біріне айналған Түркияның тәжірибесіне де ерекше назар аударылған. Польша тәжірибесінен Қазақстан үшін зияткерлік меншік авторларына берілетін салықтық жеңілдіктер тетігі қызығушылық тудырып отыр.

Давид Туганов, Қазақстан креативті индустрия альянсының президенті:

- Олар «Польшада жасалған» брендін қалыптастырды. Қазір оның құрамында шамамен 500 компания бар және экспорт көлемі 1,3 миллиард еуроға жетеді. Табыстың шамамен 96 пайызы экспорттан түседі. Польша әлемдегі GameDev саласы дамыған төрт елдің бірі ретінде мойындалған. Мұнда әрине, салық мөлшерлемелерінің рөлі зор.