Курчатовта жастар орталығы жаңартылды
Курчатов қаласында Жастар ресурстық орталығының жаңартылған ғимараты пайдалануға берілді.
Өткен ғасырдың орта шенінде салынған нысан толық жөндеуден өтіп, заманауи талапқа сай жаңғыртылды.
Жаңартылған Жастар ресурстық орталығында жастардың білімін шыңдап, шығармашылықпен айналысуына және демалуына қолайлы жағдай бар. Заманауи коворкинг және медиастудия, тіл үйрету орталығы және цифрлық зертхана талапқа сай жабдықталған.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биыл ғалымдарды марапаттау рәсімінде қасиетті Отанымыз Қазақстанды білім-ғылымның ойлы ортаның және саналы жастардың саналы күшімен түбегейлі жаңғыртамыз, келер ұрпаққа өркениетті, қуатты әрі әділетті мемлекетті аманат етіп қалдырамыз, ол біздің ұлттық парызымыз деп жастарға ерекше ықылас танытты және үлкен сеніммен үміт артты. Сондықтан өскелең ұрпақтың қоғам өмірінде араласуына, жұмыспен қамтылуына оқуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі.
Бүгінде Курчатов қаласында 14 пен 35 жас аралығындағы 2700 жас тұрады. Енді олар үшін өтетін білім беру және қалалық іс-шаралардың бір бөлігі осы Жастар орталығында ұйымдастырылмақ.
Роза Амантайқызы, Курчатов қаласы №1 мектебінің қосымша білім беру педагогы:
- Жастардың осында келіп бас қосып, жиналып, өз ойларын ортаға салып, уақыттарын өте жақсы тиімді пайдалану үшін жақсы орталық керек. Осындай орталықтың ашылуына атсалысып, зор үлес қосқан әкімшілікке алғыс айтқым келеді.
Жаңартылған ғимараттың жалпы аумағы мың шаршы метрден асады. Бұл кеңістік қазірдің өзінде Курчатов қаласындағы ең ірі жастар алаңдарының біріне айналды.
Талғат Серікқалиұлы, Ботакөз Дандыбаева, Мәди Базарбеков