Қызылордада «Таза Қазақстан» акциясына 500 адам қатысты

Қызылордада «Таза Қазақстан» акциясы аясында орман шаруашылғы және қала тазалығына жауапты мекемелерге 26 арнайы техника берілді.

Экологиялық шара облыс орталығындағы ботаника бағына тал егу рәсімімен жалғасты. Бұл жұмыстарға 500-ден астам адам қатысты.

Қызылорданың тазалығын қамтамасыз ету үшін күн сайын 30-дан аса техника және 180 жұмысшы тартылады. Олар тәулігіне 90 тоннаға жуық қоқыс шығарады. Қазір қала тазалығына жауапты кәсіпорынның техникалық паркі 80 пайызға жаңарған. «Таза Қазақстан» акциясы аясында бұл мекемеге тағы 5 қоқыс шығаратын көлік табысталды.

Сапарғали Асылбеков, «Қызылорда тазалығы» мекемесінің директоры:

- Күнделікті графикпен қоқыс тазалайды. Көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласындағы қоқыстарды алады. Таңертең, кешке су себу жұмыстары да жүргізіледі. «Таза Қазақстан» акциясы аясында осы техникалардың келуі бізге үлкен көмек болады. Өйткені техникасыз ешқандай шаруа бітпейді.

«Таза Қазақстан» акциясы ағаш егу жұмыстарымен жалғасты. Шараға 500-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында зиялы қауым, мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелер және «Amanat» партиясының өкілдері бар. Сонымен бірге жастар ұйымдары, экобелсенділер мен еріктілер игі шарадан тыс қалмады.

Майнұр Бөрібаева, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры:

- Ботаникалық бақ тек ғылыми зерттеулерге арналған емес, қала тұрғындарына, таңғы бестен бастап демалатын, оның ішінде мына тренажорлық әртүрлі бізде қондырғылар бар.

Экологиялық шара бұл күні өңірдің барлық елді мекенінде өтті. Биыл облыс орталығында ауқымды абаттандыру жұмыстары жоспарланған. Соның аясында көпқабатты 29 үйдің ауласына балалар ойын алаңы салынады. 30 мыңнан астам ағаш егіліп, гүлзарлар автоматты суару жүйесіне қосылады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев