9 жылда электрлі көліктер саны 6 есе өседі

Биыл дүниежүзінде сатылатын әр үшінші көлік электромобиль болады. Бұл Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамы.

Былтыр әлемде 20 млн тоқпен жүретін көлік сатылған. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 23 млн-ға жетуі мүмкін. Өйткені  мұнайдың қымбаттауы біраз елде жүргізушілердің қалтасына салмақ салды.

2035 жылға қарай тоқпен жүретін көлік саны  80 млн-нан жарты миллиардқа жетуі мүмкін. Яғни 9 жылда әлемде электромобильдер мінетіндер 6 есе көбейеді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің дерегіне қарағанда, биыл наурызда электр көліктердің саудасы әлемнің 90 елінде артты. Соның ішінде 30 мемлекетте рекордтық көрсеткішке жеткен. Мәселен, Еуропада 30 пайыз,  Азия-Тынық мұхиты аймағында 80 пайыз, ал Латын Америка елдерінде 75 пайыз өсім тіркелді. Бұрын электромобильдер жанармаймен жүретін көліктерге қарағанда едәуір қымбат еді. Қазір жағдай өзгеріп келеді. Бұған аккумулятор бағасының арзандауы, өндірістің артуы және бәсекелестіктің күшеюі ықпал еткен. Халықаралық энергетикалық агенттік басшысының айтуына қарағанда, электр карлар қазіргі энергетикалық дағдарыстың ауыртпалығын жеңілдетуге сеп болды.

Фатих Бироль, Халықаралық энергетикалық агенттіктің атқарушы директоры:

- Дүниежүзінде электр көліктерге көшу қарқынды жүріп жатыр. Былтыр 100-ге жуық елде сауда рекордтық көрсеткішке жетті. Мұнай тасымалы қиындап, бағасы қымбаттаған кезде тоқпен жүретін көліктер біраз жүргізушінің шығынын азайтты. Аккумулятор бағасының арзандауы және көп елде субсидия, салық жеңілдіктерінің енгізілуі алдағы уақытта  әлемде электр кар міну қарқынының артуына әкелетіні анық.

Еуропада мінілген электромобильдерге сұраныс артты

Мұнайдың қымбаттауынан Еуропада арзан электромобильдердің саудасы қызды. Германиядағы Mobile.de платфмормасының дерегі бойынша, 30 мың еуроға дейінгі электр карларға сұраныс 87 пайызға артқан. Бұрын еуропалық жүргізушілер темір тұлпардың тек жаңасын мінуге тырысатын. Кейінгі мәліметтерге қарағанда, қазір Ұлыбританияда жүрілгеніне 5-7 жылдан асқан электромобильдердің саудасы 3 есе артқан. Сондай-ақ салоннан 1 жыл бұрын шыққан,, бензинмен жүретін көліктің бағасы 20 пайызға төмендесе,  электр карлардың құны 8 пайызға ғана түскен, - дейді сарапшылар.

Аджай Бхатия, Mobile.de платфмормасының басшысы:

- Ирандағы соғыс қымбатшылыққа әкелді. Қазір еуропада адамдар ақшасын үнемдеп жұмсайды. Жұрт бұрынғыдай қымбатына жүгірмейді. Қалтаға салмақ салмайтын арзан электромобильдердің түрлерін таңдайды.

Электр карлар мұнайға сұранысты азайтты

Электромобильдер нарығының сөзсіз көшбасшысы - Қытай. 2025 жылы әлемде тоқпен жүретін 22 млн  көлік құрастырылған. Сол өндірістің төрттен үші шығыстағы көршімізге тиесілі.  Халықаралық энергетикалық агенттіктің дерегіне қарағанда, бұл мұнайға сұранысты біршама азайтты. Тәулігіне 1,7 млн баррель үнемдеуге сеп болды. Бұл бүкіл Индонезия тұтынатын бір күндік көрсеткішке тең.

Автоөндіруші табиғатқа келер залалды жоймақ

2035 жылға қарай электр кар құрастыратын швециялық «Polestar» компаниясы табиғатқа келетін залалды жоямыз, - деп отыр. Өйткені электромобиль өндірісі жанармаймен жүретін көлікке қарағанда экологияны анағұрлым көп ластайды. Жалпы электр кар құрастыру үшін сирек металдар керек. Алайда бұл маңызды ресурс табиғатта таза күйінде кездеспейді. Басқа элементтермен араласып жатады. Оны бөліп алу үшін радиоактивті металдар қолданылады. Ал бұл топырақ және суды ластайды Сондықтан былтырдан бері еуропалық автоөндіруші қайта өңделген болат пен кобальт пайдалана бастаған. Зауыттан шыққан кейінгі модельде 270 келісін қолданған. Бұл көлік салмағының 12 пайызына тең.  Компания басшылығы осылайша экологиялық қауіпті ғана емес, өндіріс шығынын да едәуір азайттық деп отыр. 

Иә, электр карлар өндірісінен  экологияға келетін залал көп. Бірақ тоқпен жүретін бір ғана көлік жолда көмірқышқыл газ шығарындыларын жылына 1,5 млн грамға азайтуға ықпал етеді, - дейді сарапшылар.