ШҚО-да жағажайдағы қауіпсіздік шаралары тексерілді
Шығыс Қазақстан облысында жағажайлардың шомылу маусымына дайындығы пысықталды.
Құтқарушылар мен санитарлық бақылау қызметінің мамандары адам көп баратын жағажайлардағы қауіпсіздік шараларын тексеріп шықты. Шомылу маусымы басталмай жатып, біраз заң бұзушылық анықталды.
Өскеменде муниципалды жағажайларды абаттандыруға биыл инвесторлар қомақты қаржы құйды. Жобада құтқару станциялары мен алғашқы медициналық көмек нысандарын салу көзделген. Ал жөндеу жұмыстарына бюджет қаржысы жұмсалады. Мәселен, Ертіс өзенінің Самал саябағы тұсындағы ағысы қатты. Былтыр осы жерде бір адам суға кетті. Мамандар мәселені гидротехникалық жұмыстар арқылы шешуді жоспарлап отыр. Биыл саябақты жаңғыртуға 500 млн теңге бөлінген болатын.
Ботагөз Мейірханова, "Таза Өскемен" КМК директорының орынбасары:
- Қазір конкурстық рәсімдеу шаралары жүріп жатыр. Демалушылардың қауіпсіздігі үшін су бетіне қалтқыларды орнату, кезекшілік атқаратын құтқарушыларды жалдау және ағысты бәсеңдетуге қолданылатын жұмыстарды жуық арада атқару жоспарланған.
Жағажайларды тексерген арнайы комиссия жауаптыларға шомылу маусымына әзірлік шараларын 15 маусымға дейін аяқтауды тапсырды. Әсіресе судағы қауіпсіздікке ерекше көңіл бөліп, әр жағажайда құтқарушылардың тәулік бойы кезекшілік атқаруын қадағалауды міндеттед
Эльдар Шаймарданов, облыстық ТЖД басқарма басшысы:
- Облыс әкімінің қаулысымен 23 демалыс орны бекітілген. Қауіпсіз жағдайда демалуы үшін қазіргі күні жоспар бекітілген. Кешенді жоспар деп атаймыз. Әр орындаушыға жөнелтілді. Әрбір демалыс орнының иесі сол ережеге байланысты барлық шараларды атқарып шығуы керек.
- Рекомендовали убрать этот причал да так скажем, что отсюда все купающиеся, отдыхающие прыгают.
«Бұл жағажайда шомылу өмірге қауіпті» - дейді бірлескен жұмыс тобының өкілдері. Өзен жағасында бей-берекет тасталған қоқыстан бөлек ескі баржалар мен металл құрылымдар сол күйі бақылаусыз жатыр. Судың биологиялық құрамы соңғы жылдары мүлдем тексерілмепті.
Фарида Баймақанова, қалалық СЭББ бас маманы:
- Мамандар микробиологиялық, санитарлық-химиялық және паразиттік көрсеткіштерін анықтау мақсатында судан сынама алды. Соның нәтижесінде жағажайда шомылудың қаншалықты қауіпсіз екенін анықтаймыз.
Комиссия мүшелері жағажайларды бақылау шарасы кезінде анықталған кемшіліктер толық жойылмайынша, шомылуға тыйым салынатынын ескертті.
Талғат Исламұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин