Павлодар облысында өрт сөндіру бекеттері ашылды

Павлодар облысында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында екі жаңа өрт сөндіру бекеті іске қосылды.

Нысанның бірі бұған дейін өрт сөндіру бекеті болмаған Мәмайыт Омаров ауылында ашылды. Екібастұз ауылдық аймағындағы Шиқылдақ ауылының тұрғындары да жаңа нысанды қуанышпен қабылдады. Мұнда еріктілердің тәулік бойы қызмет атқаруына барлық жағдай бар. Өрт-техникалық құралдармен, байланыс жүйелерімен және арнайы қорғаныу киімдерімен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар заманауи цифрлық қауіпсіздік технологиялары енгізілген. Бұл еліміз бойынша ашылып жатқан 177-өрт сөндіру бекеті.

Болатхан Сүкірұлы, М.Омаров ауылдық округінің әкімі:

- Бізде жеті елді мекен кіреді осы округқа, облыс бойынша алғашқы рет осындай өрт сөндіру бекеті салынып жатыр біздің округта. Бұл деген ауылдық жерлерде өрт сөндіруге өте қолайлы, өйткені қандай да бір өрт жағдайы, тілсіз жау болған кезде біз қаладан шақыратынбыз, күтіп отыратынбыз. Енді шұғыл, жедел әрекет жасайтын боламыз.

Әсет Сердалин, облыстық ТЖД бастығының бірінші орынбасары: 

- Өрт сөндіру автокөлігі табыс етілді. Болашақта бұл өрт сөндіру бекеті Шиқылдақ елді мекенінде және де  басқа да жақын орналасқан елді мекендерінде адамдарды өрттен және де тағы басқа төтенше жағдайлардан қорғайды деп сенеміз.