ШҚО-да кейінгі айларда үш рет орман өртенген
Шығыс Қазақстанда кейінгі айларда үш рет орман өртенген. Далада 35 өрт шықты. Құтқарушылар осы себепті сақтықты күшейтіп, рейд өткізіп жатыр.
Әсіресе егіс жұмыстарына кіріскен шаруа қожалықтарын аралайды, ондағы қауіпсіздік талаптарын тексереді. Бірінші кезекте алқап бойында минералды жолақтың болуы, жанар-жағар майдың дұрыс сақталуына баса назар аударады.
Өрт сөндірушілер егіс алқабындағы жұмысшыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Әр техниканың дұрыс жұмыс істеуіне, жанар-жағар майды сақтайтын орынның талапқа сай болуына назар аударды. Әсіресе минералды жолаққа ерекше мән берді. Өйткені дәл осы учаске жалын тиген жағдайда құтқарушылар келгенше алқапты сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Нұржан Өміржанов, ШҚО ТЖД басқармасының бастығы:
- Осындай жолақтың ені кем дегенде 4 метрден кем болмау керек, сонымен қатар егіс алқаптарында, дала жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр. Мұндай жұмыстар алдында қызметкерлер қауіпсіздік нұсқамаларынан өту керек.
Азамат Үсенов – ірі аграрлық кешеннің басшысы. Мал мен егістік шаруашылығын қоса алғанда қоластында ондаған адам, жүздеген техника бар. «Сондықтан өрт қауіпсіздігіне бір сәт те салғырт қарауға болмайды», - дейді ол.
Азамат Үсенов, аграрлық кешен жетекшісі:
- Үнемі сақ отыруға тура келеді, шаруашылық кішкентай емес. Мысалы, қазір шөп қорада 500 тонна сабан жиналып тұр. Егер оған бір шоқ тисе, әп-сәтте жоқ болады. Соңында миллиардтаған теңге шығынға ұшыраймыз. Сол себепті алдын-алу шараларына жауапкершілікпен қараймыз.
Биыл жаз басталмай жатып шаруашылықтарда 4 өрт оқиғасы тіркелген. Шалғайда шыққан жалынды жылдам ауыздықтауға «Ауыл құтқарушылары» жасақтары ерекше қолғабыс етеді. Аймақта мұндай 16 пункт істеп тұр. Бұдан басқа 48 мобильді топ демалыс базаларымен орман шаруашылықтарын аралап жүр.
Эльмира Ахметов, тілші:
- Өлкеде орман алқаптары да назарға алынды.Өрт шығу қауіпі жоғарлаған сайын, осындай жасыл желек ортасына кіруге кей аймақта шектеу қойылуы ықтимал. Ал Риддер сияқты орманды өңірде мүлдем тыйым салынуы да мүмкін. Өйткені ол жақта осыдан 5 жыл бұрын орман отқа оранып жүздеген гектар жер жанып кеткен еді.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов