Табиғатты аялау балабақшадан басталады
Алматыда мектепке дейінгі білім беру саласына Оңтүстік Кореяның экологиялық тәжірибесін енгізу жоспарланған.
Бұл туралы қалалық семинарда айтылды. Мақсат – балабақша бүлдіршіндерін ерте бастан табиғатты аялауға үйрету. Бұл «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған шара.
Бұл балабақшада арнайы экологиялық бағдарлама енгізілген. Балалар кіші топтан бастап табиғатты зерттеуді үйренеді. Осы арқылы айналаны таза ұстау дағдысы қалыптасады. Мұнда кішігірім жылыжай жабдықталған. Бақшадағы көкөністерді кішкентай зерттеушілер өздері отырғызған. Күнделікті күтімді де өздері жасайды.
Айгүл Қасымбек, Бостандық ауданы білім бөлімінің басшысы:
- Балаларды зерттеу жұмысына бейімдеу өте маңызды. Себебі бала деген зерттеумен айналысуы керек. Шаруашылық қоқыс дейміз ғой, сол қалдықтарға екінші өмір беру. Қай жерде, қалай пайдаланады. Тағы да бір табиғатты аялау мәселесі – ол суды үнемдеу.
Семинар барысында «Қазақ-Корей шеберлері» ауылы таныстырылды. Онда қатысушылар саз балшықтан құмыра илеп, жүннен кесте тоқыды. Балабақшада балаларға арналған бірнеше эко-зертхана бар. Онда STEM-технологиялар арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізуге болады. Осылайша, тәжірибе алмасып келген мамандар Оңтүстік Кореядағы экологиялық тәрбиенің заманауи тәсілдерімен бөлісті.
Нарима Жорашова, №99 Бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі:
- Маған ол жақтағы балалардың өздерін еркін сезінетіні ұнады. Балалар тіпті жалаңаяқ жүре береді. Олардың қоршаған ортаны жақсы көретінін осыдан байқауға болады. Сондықтан біз де балаларға айналасына қамқорлық көрсетуді үйретеміз деп шештік.
Балабақша бүлдіршіндері арасында жақсы экологиялық әдет қалыптасып келеді. Олар бөтелке қақпақтарын жинайды. Одан кейін оны қайта өңдеуге жібереді. Өңдеуден соң әртүрлі заттар дайындалады. Бұл ата-ана мен балалардың бірлесе жасаған еңбегінің нәтижесі. Балаға не үйретсең, соны аласың.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Әбен Нарымбаев