Алматыдағы №16 емхананы қайта жаңғырту жұмыстары биыл күзде аяқталады
Алматыда 1977 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан №16 қалалық емхананы сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды «24KZ».
Қайта жаңғырту жобасы үш функционалдық блокты қамтиды: негізгі төрт қабатты ғимарат, зертхана корпусы және үш қабатты «Б» блогы. Жаңғыртылатын нысандардың жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады.
Жоба аясында ғимараттардың көтергіш құрылымдары кешенді түрде күшейтілді. Бұл олардың жер сілкінісіне төзімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жылу, су, желдету және электрмен жабдықтау жүйелері толық жаңартылды. Ішкі бөлмелер заманауи медициналық стандарттарға сәйкестендіріліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта жасалады.
Медициналық мекеме 63 мыңнан астам тіркелген тұрғынға қызмет көрсетеді. Жобаның ерекшелігі, қайта жаңғырту жұмыстары емхананың қызметін тоқтатпай жүргізілуде. Құрылыс кезең-кезеңімен ұйымдастырылғандықтан, емхана жаңғырту барысында да Әуезов ауданы тұрғындарын қабылдауды жалғастырды.
«Басты міндет — ғимаратты күшейтіп қана қоймай, сапалы медициналық қызмет көрсетуге арналған заманауи әрі жайлы орта қалыптастыру болды. Қазіргі таңда нысанда әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын, сондай-ақ ғимаратты пайдалануға беру алдында инженерлік жүйелер толық тексерілуде. Қайта жаңғырту жұмыстарын биыл күзде аяқтау жоспарланып отыр», — деп хабарлады Алматы қаласы Құрылыс басқармасының өкілдері.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз