Қазақстан жолдарына жүргізушісіз жүк көліктері шықты

Фото: depositphotos.com

Қазақстан мен Ресей бірлесіп, алғашқы халықаралық пилотсыз жүк тасымалы жобасын сәтті жүзеге асырды. Екі елдің Көлік министрліктері «КАМАЗ» компаниялар тобымен бірлесіп ұйымдастырған бірегей рейс бір уақытта Мәскеу – Астана және Астана – Мәскеу бағыттары бойынша өтті. Маршруттың жекелеген учаскелері екі ел аумағында толықтай пилотсыз режимде бағындырылды, деп хабарлайды «24KZ»

Сынақтық рейс барысында мамандар пилотсыз жүйелердің негізгі жұмыс тетіктерін егжей-тегжейлі тексерді. Атап айтқанда, маршрут бойындағы байланыс сапасы, жолдың цифрлық көшірмесінің дәлдігі, сондай-ақ байланыс болмаған жағдайдағы көліктің әрекеті мен қауіпсіздігі сыналды. Бұл жоба тек технологиялық жетістік қана емес, сонымен бірге Еуразиялық экономикалық одақ аясында пилотсыз тасымалдарға қатысты үйлестірілген заңнаманы қалыптастыруға жасалған алғашқы қадам болды.

Пилотсыз технологиялар көлік саласын қауіпсіздік, тиімділік және бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан жаңа деңгейге шығарады. Оның басты артықшылықтарының бірі - жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі саналатын адам факторын барынша азайту. Сонымен қатар, жоба әлемдік логистика саласындағы басты мәселелердің бірі - жүк көлігі жүргізушілерінің тапшылығына технологиялық жауап болмақ. Егер адам басқаратын көлікте жүргізуші тәулігіне орта есеппен 8 сағат қана жұмыс істей алса, пилотсыз көлік іс жүзінде тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істей алады. Бұл тасымал өнімділігін едәуір арттырып, рейстер санын бірнеше есеге көбейтуге мүмкіндік береді.

Үздіксіз жұмыс, жоғары дәлдік пен қауіпсіздіктің күшеюі заманауи логистиканың жаңа стандартын қалыптастырады. Мұндай артықшылықтар көлік бағыттарының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға және Еуразия кеңістігінің транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Пайдалану шығындарын азайтуға және бос тұрып қалу уақытын қысқартуға септігін тигізетін бұл технологияның тиімділігі іс жүзінде дәлелденді. Жоба аясында пилотсыз жүк автокөліктері шамамен 3000 шақырымдық бағытты екі тәулікте жүріп өтіп, жол жүру уақытын екі еседен астам уақытқа қысқартты.

Жоба пилотсыз тасымалдарды одан әрі дамытуға үлкен мүмкіндік бар екенін көрсетті. Қазіргі таңда тараптар мұндай тасымалдарды кең көлемде енгізу үшін қажетті институционалдық база мен инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстарын бастап кетті.