Атырауда «Өрт-2026» оқу-жаттығуы өтті

Атырау облысы аумағында «Өрт-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Шартты сценарий бойынша қала маңындағы Тасқала ауылын қоршаған дала өрті сөндірілді.

Оқу-жаттығуға арнайы қызмет мамандарымен қатар 6 ауылдық округтің еріктілері де жұмылдырылды. Дала өртін өшіруге 200-ге жуық адам, 46 техника және тікұшақ тартылды. Мамандардың бірлескен іс-қимылы нәтижесінде облыс аумағында дала өрті тұтана қалған жағдайда күш-құралдардың әзір екені байқалды.

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында тұтанған дала өрт ілезде жайылып, Тасқала ауылына қауіп төнді. Алдымен ауылдық округке қарасты техникалар өрт аумағын соқамен жыртып, кейін өрт сөндірушілер іске кірісті. Сол сәтте тікұшақ та жетті. Нәтижесінде тілсіз жау санаулы сәтте өшірілді. Бұл бүгін Атырауда өткен «Өрт-2026» республикалық командалық штабтық оқу жаттығуы болатын.

Әбділдә Баякеев, облыстық ТЖД Бастығының бірінші орынбасары:

- Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты табиғи өрт кезінде азаматтық қорғау қызметтерінің өзара іс-қимылдарын жетілдіру, күштер мен құралдардың дайындығын тексеру және жедел әрекет ету дағдыларын пысықтау болып табылады. Іс-шараға азаматтық қорғау қызметтері жергілікті атқарушы органдар полиция және медицина қызметтері жұмылдырылды.

Бүгінгі жаттығуға ауылдық өрт сөндіру жасақтары кеңінен тартылды. Себебі оқиға орнына алдымен жететіндер де осы ауыл еріктілері.

Кенжеболат Рахимов, қалалық Жұмылдыру даярлығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы:

- Барлық ауылдық округте барлық еріктілер өрт сөндіру жасақтары бекітілген. Бірінші міндетіміз өртті басына барып өрттің алдын алу жұмыстарына ерікті өрт сөндірушілерді қатыстыру. Содан кейін бізге көмек ретінде күштік құрылымдар ТЖД көмек ретінде тартылады.

Былтыр өңірде 2 ірі дала өрті тіркеліп, 100-ден астам өрт ошағы жойылды. Оқиға орыны ретінде «Ақжайық» табиғи резерватының таңдалу себебі, өрттің көбі осы аумақта тұтанады. Резерват қала іргесіндегі 6 ауылдық округпен шектеседі. Бүгінгі жаттығу атқарушы билік пен арнайы қызмет түрлерінің кез келген оқыс оқиғаға дайын екендігін көрсетті.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов