Инвесторлардың сенімі артып жатыр
Оман Сұлтандығы Қазақстандағы ірі алтын өндіруші компанияның дамуына атсалысуын күшейтіп жатыр.
Оманның егеменді инвестициялық қоры – Oman Investment Authority президенті Абдулсалам Әл-Муршиди Solidcore Resources компаниясында директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл шешім Қазақстан мен Оман үкіметтері арасындағы инвестициялық келісімге қол қойылғаннан кейін қабылданды. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл қадам сұлтандықтың еліміздегі бизнес жобаларға қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді. Ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік ашады.
Oman Investment Authority басшысы Абдулсалам Әл-Муршидидің Solidcore Resources Директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалуы Қазақстан мен Оман Сұлтандығы арасындағы серіктестікті нығайтады. Бүгінде компания елде алтын өндіретін алдыңғы үш кәсіпорынның қатарына кіреді. Қазір Solidcore Ертіс гидрометаллургиялық комбинатының құрылысымен айналысып жатыр. Жобаға құйылған инвестиция көлемі – 1 млрд доллар. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жылына 300 мың тоннаға дейін концентрат өңдеп, алтын өндірісін бір жарым есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Виталий Несис, Solidcore Resources компаниясының бас атқарушы директоры:
- Бұл тағайындау біздің Oman Investment Authority қорымен қарым-қатынасымыздың жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді. Енді Оманның егеменді қоры Solidcore-ды ірі инвестициялардың бірі ретінде ғана емес, тау-кен саласындағы барлық инвестициялары арасындағы стратегиялық маңызы жоғары актив ретінде қарастырады. Бұл компания стратегиясына деген назардың күшеюін және Оман мемлекетінің Қазақстанмен қарым-қатынастағы белсенділігінің артуын білдіреді. Өйткені Solidcore Resources дәл Қазақстанда тіркелген компания.
Сонымен қатар компания геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтіп, Қарағанды қаласында өзінің сынамалық-талдау зертханасын салып жатыр. Экологиялық жобаларға инвестиция құюда. Компания қызмет еткен жылдар ішінде өңірлерді әлеуметтік қолдауға бағытталған инвестиция көлемі 76 млн доллардан асты.
Абдулсалам Әл-Муршиди, Solidcore Resources директорлар кеңесінің төрағасы:
- Осы лауазымға орналасқаным үшін ризамын. Компания басқармасымен және директорлар кеңесімен тығыз әрі жемісті ынтымақтастық жүргізем деп сенемін. Solidcore Оман Сұлтандығы үшін негізгі инвестициялардың бірі саналады. Ел өкілі ретінде мен компанияның ұзақ мерзімді акционерлік құнын қалыптастыруға, дамуына ықпал етуге және тиімді корпоративтік басқару арқылы инвестицияларымызды қорғауға назар аударамын.
Компанияда Оманның егеменді қоры басшысының қатысуы өсу стратегиясын іске асыруды жеделдетуге ықпал етеді. Solidcore бизнес ауқымын екі есеге ұлғайтып, Орталық Азия мен Таяу Шығыс нарықтарындағы орнын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ислам Махамбет