Түзету мекемелеріне елімізде жасалған видеотаксофондар орнатылды
Қазақстандағы түзету мекемелеріне Петропавл қаласында құрастырылған 500-ге жуық видеотаксофон орнатылды.
Жаңа құрылғылар сотталған азаматтарға туған-туыстарымен бейнебайланыс арқылы сөйлесуге мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе мекемелердегі ақпараттық қауіпсіздікті күшейтіп, байланыс құралдарын заңсыз пайдаланудың алдын алуға көмектеседі.
Петропавлдағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан Меңсұлу Омарова бұл мүмкіндікті тағатсыздана күтеді. Ол белгіленген уақытта баласымен бейнебайланысқа шығып, 15 минуттан сөйлеседі. Бұл сотталушылар үшін үлкен бақыт.
Меңсұлу Омарова, жазасын өтеуші:
- Менің жалғыз ұлым бар. Ол шетелде тұрады. Өте алыста. Алыс мемлекетте. Немерем бар. Сондықтан баламмен қатынасу маған үлкен бақыт. Маған күнара жағдай болады баламмен қатынасып, көріп, сондықтан бала мен кіші немеремнің суреттерін көріп, арасында ол маған қағаздарды жібереді.
Қазақстандағы түзету мекемелері осындай видеотаксофондармен қамтылып жатыр. Цифрландырылған құрылғылар Петропавлдағы зауытта құрастырылады. Кәсіпорында жылына 2 мың данасы жасалады. “Бұл ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді”, - дейді жоба авторы.
Бейбіт Шәжімбаев, жоба авторы:
- Қазіргі таңда 65 пайызы осы Қазақстанда құрастырылады. Ол қауіпсіздік шараларына өте бейімделген. Және мына арнайы топ дейміз ғой, сондай топтарға арналған әскерлерге, қылмыстық атқару жүйесіне. Ол қауіпсіздік жағынан өте мықты. Өйткені ол шетелге емес, Қазақстанда жиналғаннан кейін серверлері, бүкіл ақпараты барлығы Қазақстанда қалады.
Қазір қылмыстық атқару жүйесі осындай 500-ге жуық аппараттық-бағдарламалық кешенмен қамтылды. Енді оларды әуежай, теміржол вокзалы мен сапаржайларға орнату мәселесі қарастырылып жатыр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков