Түркі елдері алғаш рет жерсерік ұшырады

Түркі мемлекеттері алғаш рет өздері наносерік әзірлеп, ғарышқа ұшырады. 

Астанада TDT-Sat жобасының соңғы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жерсеріктің өзі толық құрастырылып, ұшуға әзір тұр. Биыл сынақтан өтсе, келесі жылы ғарышқа аттанады деген жоспар бар. 

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Түркі елдері алғаш рет өздері әзірлеген наноспутникті ғарышқа ұшыруға дайындалып жатыр. Жоба Астанадағы Ghalam LLP компаниясы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен бірлесіп әзірленіп жатыр.

Бастама 2021 жылы Ыстанбұлдағы түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде көтеріліп, кейін Баку, Ташкент, Астана және Бішкек қалаларында өткен кездесулерде кезең-кезеңімен пысықталды. TDT-Sat деп аталатын жерсерік толық циклді миссия ретінде жасалған. Яғни жобалау, құрастыру, сынақтан өткізу және орбитаға шығару кезеңдерінің барлығы қамтылған. Қазір жерсерікті әзірлеу жұмыстары толық аяқталды. Енді жоспарға сәйкес ғарыш жағдайына бейімдеу үшін биыл сынақ жұмыстары жүргізіледі. Сөйтіп келесі жылы шілдеде орбитаға жіберіледі. Сарапшылардың айтуынша, ауқымды жобада Қазақстанның рөлі ерекше. Ғарыш құрылғысын әлемнің кез келген нүктесінен ұшыру мүмкін емес. Географиялық ерекшеліктері мен көпжылдық тәжірибесінің арқасында Қазақстан ғарыш саласында маңызды орынға ие. Сол себепті жерсерікті әзірлеу мен ұшыру үшін Қазақстанның инфрақұрылымы пайдаланылып отыр.

Хайдар Атеш, Дүниежүзілік ұшқышсыз авиация федерациясының Түркиядағы президенті

- Қазақстан ғарышқа спутник ұшыруға қолайлы санаулы елдердің бірі. Географиялық орналасуы мен инфрақұрылымының арқасында бұл салада маңызды рөл атқарады. Еуропа Француз Гвианасын, АҚШ бірнеше арнайы орталықты пайдаланады, ал әлемде мұндай орындар өте аз. Сондықтан кез келген спутникті кез келген жерден ұшыру мүмкін емес. Кеңес Одағы кезінде де ұшыру жұмыстары Қазақстан аумағы арқылы жасалған. Бүгінде де бұл елдің тәжірибесі мен ғарыштық инфрақұрылымы сақталған. Спутникті жасау бір бөлек, ал оны сәтті ұшыру – ең күрделі әрі жауапты кезеңдердің бірі.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Жерсеріктің басты мақсаты – Жерді ғарыштан бақылау. Сол арқылы ормандардың жағдайы, су ресурстары, егістік алқаптары мен табиғи өзгерістер зерттеледі. Мұнан бөлек, спутник табиғи апаттарды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Жерді ғарыштан зерттеу жұмыстары шамамен 2 жылға созылады деген жоспар бар. Ал құрылғының салмағы бар болғаны 16 келі. 550 шақырым биіктікке дейін көтеріліп, Күнмен синхронды орбитаға жіберіледі. Ол жоғары дәлдіктегі камерамен жабдықталған, Жер бетінің бейнесін түсіріп, алынған деректерді жер стансасына жеткізеді. Сонымен қатар бұл жоба жаңа ғарыштық технологияларды сынауға да мүмкіндік береді. 

Хайдар Атеш, Дүниежүзілік ұшқышсыз авиация федерациясының Түркиядағы президенті:

- Жобаның ең маңызды ерекшелігі – оның толықтай түркі мемлекеттерінің бірлескен күшімен жүзеге асырылуы. Бұған дейін көптеген елдер ғарыш жобаларын жүзеге асыру кезінде шетелдік технологияға сүйенетін. Ал TDT-Sat жобасында бұл жұмыстар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің мамандарының қатысуымен жүргізіліп жатыр. Бұл жоба түркі мемлекеттерінің ғарыш саласындағы технологиялық әлеуетін біріктіріп қана қоймай, болашақта ауқымды ғарыш бағдарламаларына жол ашады. 

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Осылайша, түркі мемлекеттерінің тарихында алғашқы ауқымды ғарыш жобасы басталды. Енді саладағы алпауыт елдерге тәуелділік азайтып, технологиялық дербестікке жол ашылады. Сол себепті сарапшылар түркілердің ғарыш бастамасын түркі мемлекеттерінің ғылым мен технологиядағы ынтымақтастығын айшықтайтын маңызды қадам ретінде бағалап отыр.

Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков