Ертеңнен бастап зейнетақы жинағын пайдаланудың жаңа ережесі күшіне енеді

5  маусымнан бастап Зейнетақы қорындағы ақшаны шешіп алудың жаңа ережесі күшіне енеді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды «24KZ».

Енді зейнетақы қорындағы   БЖЗҚ-дағы (ЕНПФ) жинақтың «жеткіліктілік шегі» жаңа әдіспен есептеледі. Соның салдарынан көптеген азаматтар үшін шотта қалуы тиіс ең төменгі сома ұлғаюы мүмкін, яғни үй алу, ипотека жабу немесе емделуге пайдалануға болатын артық ақша азаюы ықтимал.

Егер бұрынғы ережемен ақша алуға құқығыңыз болса, өтінімді 4 маусымға дейін беру керек болған. Өтінім enpf-otbasy.kz сайты арқылы берілді. 


Еңбек министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша,

«Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі жойылмайды. Дегенмен, жүйенің негізгі мақсаты – азаматтарды зейнет жасында тұрақты табыспен қамтамасыз ету».

Жаңа есептеу кезінде мыналар ескеріледі:
қазіргі жасыңыз;
зейнетке дейін қалған жылдар;
күтілетін өмір сүру ұзақтығы;
болашақ жарналар;
инвестициялық табыс;
зейнетақы төлемдерінің жыл сайынғы өсуі.

Үкіметтің жариялаған әдістемесіне сәйкес есептеуде зейнетақы жинағының болжамды табыстылығы жылына 9%, ал болашақ төлемдердің өсуі 8% деп алынады.

Ал зейнетақыдағы артық қаражатты бұрынғыдай:

тұрғын үй сатып алуға;
ипотеканың бастапқы жарнасына немесе қарызды өтеуге;
кейін сатып алу құқығымен жалға алуға;
арнайы тұрғын үй депозитіне аударуға;
емделуге;
инвестициялық басқаруға беруге пайдалануға болады.