Сарапшы зейнетақы жинағының төменгі шегін көтеруді қолдады

Зейнетақы жинағының төменгі жеткілікті шегін көтеру – қажет шара.

Қаржыгер Расул Рысмамбетов осылай дейді. Айтуынша, зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі көптеген азаматқа тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесті. Алайда бұл жинақ көлемінің азаюына да әкелді. Сарапшының пікірінше, зейнетақы қаражаты болашақ үшін жұмыс істеуі тиіс. Зейнетақы жинағын жаппай алу жылжымайтын мүлік нарығына да әсер етіп, зейнетақы жүйесіндегі қаражат көлемінің қысқаруына себеп болды.

Расул Рысмамбетов, қаржыгер:

- Мен мұның белгілі бір әлеуметтік себептермен қабылданғанын түсінемін. Алайда қысқа мерзімді мәселені шешеміз деп, ұзақ мерзімді мәселе туындаттық. Ертең өз жинағының бір бөлігін алған көптеген адам шын мәнінде артық қаражатты емес, өздерінің болашақ зейнетақысының бір бөлігін пайдаланды. Салдарынан олар болашақта базалық деңгейден де төмен зейнетақы алуы мүмкін. Жеткілікті шегін көтеру, менің ойымша, біріншіден, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қаражатты көбірек сақтап қалуға бағытталған. Екіншіден, адамдарды зейнетақы жарналарын тұрақты төлеуге, ерікті зейнетақы шоттарын ашуға және жинақ мәдениетін дамытуға ынталандыру мақсатын көздейді.