Ақтөбеде «АІ-демалыс» жазғы лагері ашылды
Ақтөбе облысында «АІ-демалыс» жазғы лагері ашылды. Онда оқушылар жаңа технологияларды игереді. Өңірде балалардың жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуге көңіл бөлініп жатыр.
Заманауи лагерьмен қатар жеткіншектерге арналған «Skills camp» алаңы жұмыс істейді.
Компьютер алдында тапжылмай отырған ойын балалары мультфильм монтаждауды үйреніп жатыр. Жасанды интеллекттің көмегімен 3Д модельдеу, әуенін қосу, кейіпкерлерді қозғалтуды игереді. «АІ-демалыс» жазғы лагеріне 8 жастан 13 жасқа дейінгі оқушылар қатыса алады.
Сәбина Қамысбаева, Қазанғап атындағы Балалар өнер мектебі директорының орынбасары:
- 2-3 ауысымға қаламыз деп көбі ниет білдіріп жатыр. Ата-аналар тарапынан қызығушылық өте көп. «АІ»-деп естіген кезде ата-аналар кәдімгідей қызығушылық танытты. Негізі жоспар бойынша біз 40 бала алуымыз керек еді. Бірақ бірінші маусымына елу шақты бала жазылды.
Арнаулы оқу орындарында «Skills camp» жазғы алаңы ашылды. Ерекше лагерь оқушыларға кәсіптік бағдар беруге бағытталған. Жеткіншектер инженерлік іс, компьютерлік графика, робототехника, шаштараз өнері, көлік құралдарын жөндеу, мұнайшы сияқты мамандықтармен танысады.
Кәмила Кәмилова, оқушы:
- Мен химия пәніне қатты қызығамын. Қатты ұнады. Біз бұл жердегі зертханалық лабороторияға барып көп затпен таныстық. Мұнда графикалық жобалау, электроника, робототехника бағыттары бойынша мамандықтармен таныстық. Бізге өте қатты ұнады.
Жалпы басты мақсат балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз ету. Сондықтан өңірдегі оқушылардың барлығын қамту көзделіп отыр. Шеберлік сабақтары, спорттық жарыстар, зияткерлік ойындар мен танымдық экскурсияларға жазылуға болады.
Асхат Ізбасар, Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Экосана деген жоба бар. Ол «Таза Қазақстан» жобасы аясында жаз бойы болады. Балалар жасыл желектерді күтіп ұстау, баптау, өсіру, ғылыми жобаларға қатысу, суды, жарықты үнемдеу бағыттарында қамтылады.
Өңірде биыл мектеп жанында 699 лагерь жұмыс істейді. Қала сыртындағы 7 демалыс орталығы қабылдайды. Қосалқы білім беретін мекемелерде де жазғы алаңдар жұмыс істейді. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға облыс бюджетінен 345 млн теңге қаржы бөлінген.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков