Еуроодақпен ғылыми серіктестік кеңейеді

Қазақстан Еуропалық Одақтың «Horizon Europe» ғылым мен инновацияны дамытуға арналған бағдарламасына қауымдасқан ел ретінде қосылуға мүдделі.

Жалпы бюджеті 175 млрд еуроны құрайтын ірі бағдарлама отандық университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарына гранттар бөліп, үлкен қолдау білдіруі мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Еуроодақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Эдуардс Стипрайспен кездесуінде айтылды. Тараптар жоғарғы оқу орындары, зерттеу орталықтары және технологиялық компаниялар арасында тұрақты серіктестік орнату мәселесін талқылады. Еуропарламенттің Өнеркәсіп, зерттеулер және энергетика комитетінің төрағасы Борис Будкамен болған басқосуда ғылыми-технологиялық ынтымақтастық сөз болды.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Мақсатымыз «Horizon Europe» ғылымның қаржыландыру бағдарламасына толыққанды мүше ретінде кіру. Тағы да айтып кетейін, бұл процес оңай емес. Қазіргі таңда ең ірі Еуропа Одағы мүшелері болмаған елдер ғана кіріп отыр: Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия. Сондықтан осы процесті, дайындықты біз бастап кеттік. Үш Еуропа Одағының еурокомиссияның өкілдері қолдауын білдірді.

Елшілікте «Қазақстанның білім экономикасы: Еуропалық Одақпен серіктестіктің жаңа көкжиектері» тақырыбында сала мамандарымен кездесу өтті. Басқосуда білім берудегі халықаралық ынтымақтастықты күшейту, академиялық ұтқырлықты арттыру қарастырылды. Министр Брюссель дипломатиялық академиясы мен Льеж, Намюр және Монс университтерінің өкілдерімен де кездесті.

Гунтер Хабблом, VUB Брюссель дипломатиялық академиясының директоры:

- Біз Қазақстанның дипломатиялық корпусын кәсіби даярлау мәселесін талқыладық. Брюссель дипломатиялық академиясының оқу бағдарламасы тәжірибеге ерекше мән береді. Сондай-ақ Орталық Азияны зерттеу бағытын дамытқымыз бар. Бұл ретте өңірдегі маңызды ел ретінде Қазақстанға ерекше назар аударып отырмыз.