Әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді
Қызылорда облысының Арал ауданында бірнеше әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан пайдалануға берілді.
Атап айтқанда, Аманөткел ауылында жаңа мәдениет үйі ашылса, Шижаға елді мекенінде спорт кешені жұмысын бастады. Ал Абай ауылына таза ауызсу кірді. Сонымен қатар аймақта бірқатар жаңа білім беру және логистикалық нысандардың құрылысы жүріп жатыр.
Аманөткел ауылында 150 орындық мәдениет үйі ашылды. Екі қабатты ғимаратта оқушылардың өнерін шыңдау үшін барлық жағдай жасалған.
Серік Жаңабаев, мәдениет үйінің директоры:
- Мәдениет үйінде 6 үйірме бар. Бізде екі театр, халық театры, әдіскердің бөлмесі, директордың бөлмесі, көркемдік жетекшінің бөлмесі, сосын кітапхана орналасқан екі бөлме бар.
Ал 12 мыңнан астам тұрғыны бар Сексеуіл кентінде 100 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебінің» құрылысы басталды.
Мұрат Ергешбаев, облыс әкімі:
- Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау –мемлекетіміздің басты міндеті», – деген болатын. Бүгін кірпіші қаланатын жаңа білім ордасынан алдыңғы буын жолын жалғаған білімді, талантты шәкірттер шығатынына сенімім мол.
Абай елді мекеніне таза ауызсу желісі қосылды. Ауылға 80 шақырымнан астам құбыр тартылып, 400 үйге су кіргізілген.
Бегалы Дәулетжанов, ауыл тұрғыны:
- Бұрыннан бері біз тұщы сумен қамтылмағанбыз. Шахталы құдықты пайдаланып келдік осы күнге дейін. Енді ғана қолымыз жетіп жатыр.
Шижаға елді мекенінде жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені жұмысын бастады. Сапар барысында аймақ басшысы Қазалы ауданында Сырдария өзенінің үстінен салынып жатқан Қарлан көпірінің құрылысымен танысты. Ұзындығы 248 метр болатын темір-бетон өткелін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин