Түркістан облысында жазғы лагерлер жұмысын бастады

Түркістан облысында 500 мыңнан астам оқушының 85 пайызы жазғы демалыспен қамтылады.

Бірі мектеп жанындағы, енді бірі қала сыртындағы лагерде демалысын өткізеді. Биылғы маусымда облыс бойынша 24 сауықтыру лагері жұмыс істейді. Онда 35 мың бала кезең-кезеңмен қабылданады. Бүгін Кентаудағы «Балауса» лагерінде жазғы маусым салтанатты түрде ашылды. Сауран ауданы мен Түркістан қаласынан 350 бала келді.

Салтанатты іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысып, демалушы бүлдіршіндермен еркін пікір алмасты. Балалардың шығармашылық жұмыстарымен танысты. Жазғы демалыс маусымының ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Еркебұлан Дауылбаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Өңірімізде 554 мың оқушы болса, оның ішінеде биыл жазғы демалыспен қамтылатын балалар саны 487 мың. Облысымыздың 24 лагерінде 35 мыңнан астам бала демалатын болады. 230 мың бала мектеп жанындағы лагерлерде, 220 мыңға жуық бала еңбек, туристік-шығармашылық және танымдық бағыттағы шараларға қатысатын болады.

Лагерь аумағында балаларға арналған түрлі шығармашылық және танымдық алаңдар ұйымдастырылды. Балалар шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнап, жас суретшілердің көрмесін тамашалады. Сонымен қатар қолөнер бұйымдары, құмыра жасау, ағаш ою және домбыра үйірмесінің жұмысы көпшілік назарына ұсынылды. Облыс әкімінің атынан балаларға спорттық және зияткерлік құрал-жабдықтар сыйға берілді.

Нұрсая Көпжасар, демалушы:

 - Бұл жер өте қызық болғандықтан мен жиі келіп тұрамын. Әртүрлі ойындар, бассейндер бар, достар таптым және тамағы өте жақсы. Таза ауа, кешкі ойын-сауықтар өте күшті.

Сонымен қатар «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында лагерь кітапханасына 100 көркем әдебиет тарту етілді. «Бұл бастама балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани дамуына серпін береді», - дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов