Қазақ тазылары жүлделі орындарды иеленді

Италияда өткен Дүниежүзілік иттер көрмесінде қазақ тазылары «өте жақсы» деген баға алып, жүлделі орындарға ие болды. 

Халқымыз жеті қазынаға балаған жануар бірден үш байқауда бақ сынады. Олар: World Dog Show, яғни Дүниежүзілік иттер көрмесі, Италияның ұлттық деңгейдегі додасы – Club Show және халықаралық дәрежедегі ENCI Winner жарысы. Астанадан барған Челси, Ақтабан, Лашын, Перс, Рея және Алматыдан апарған Табиғат атты салпанқұлақтар ерекше көзге түсті. Халықаралық кинологтар бұл 12 иттің жоғары сапасының белгісі ғана емес, Қазақстанда ұлт мұрасын сақтау және дамыту бағытындағы жұмыстың жүйелі жолға қойылғанының дәлелі екенін атап өтті.

Карина Камбаева, хендлер:

- Қазақ тазысы мұндай деңгейде алғаш рет Қазақстанның атын әлемге паш етіп отыр. Бұл біз үшін өте маңызды. Елімізде ғана емес, дүниежүзі бойынша да осы тұқымды дамыту үлкен мәнге ие деп ойлаймын. Қазақ тазысын бүкіл әлемге танытқанымызды мақтан тұтамын.