Қарқаралыда қымыз фестивалі өтті
Ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстаннан қонақтар келді.
Этноауылда тігілген ондаған киіз үйде келушілер қазақ халқының салт-дәстүрімен, қолөнерімен және ұлттық тағамдарымен танысты. Фестивальдің басты оқиғасы 37 қымыз өндіруші қатысқан бапталған қымыз байқауы болды.
BaiQymyz-2026 фестиваліне Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20 мыңнан астам қонақ жиналды. Байқауға қатысушылар 30 тоннаға жуық қымыз әкелді. Жұртшылық ұлттық сусынның сан алуан түрінен дәм татты. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл фестиваль ұлттық құндылықтарды сақтау мен туризмді дамытудағы маңызды бастама екенін атап өтті.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Бүгінде адамзат технологиялар дамыған сайын табиғилықты көбірек іздейді. Сондықтан әлем органикалық өнімге, экологиялық таза тағамға ерекше мән беріп отыр. Қазақ үшін мұның барлығы жаңалық емес. Өйткені халқымыз табиғатпен үндес өмір сүрудің мәнін ежелден түсінген. Ал сол табиғи тазалықтың дәмі қымызда сақталған.
Жеңімпаздарды ғалымдар, қоғам және мәдениет қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы анықтады. Олардың қатарында белгілі әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі, Қанат Айтбаев та бар. Сонымен қатар халық та дауыс берді. Нәтижесінде «Үздік қымыз» атағы мен 5 миллион теңге сертификатын Қарқаралы ауданына қарасты Ақтерек ауылының шаруашылығы жеңіп алды.
Бұрхан Жолтаев, Baiqymyz-2026 этно-гастрофестивалінің жеңімпазы:
- Негізі әке-шешемізден бері айналысып жүрміз ғой. Алайда өзіміз бастап айналысқанымызға 17 жыл болды. Қалай отау құрдық, солай бастадық. Бір биеден бастағанбыз. Бір белестен өттік деп есептейміз, тәубә! Әлі алатын асулар көп.
Екінші орын мен 3 миллион теңге сертификатын Қарқаралы ауданының «Тоқпан қымызы» иеленді. Үшінші орын мен 1,5 миллион теңге сыйақы Ұлытау облысынан келген «Жаңаарқа қымызы» өкілдеріне табысталды. Сонымен қатар арнайы аталымдар бойынша да марапаттар берілді. Қымыз өндірушілер байқауынан бөлек, тазы жарысы, ат жарыс, қол күрес, садақ ату сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтіп, қолөнершілердің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит