Алматының танымал демалыс орнында қаптаған егеуқұйрықтар жұртты шошытты
Алматы тұрғындары қаланың ең танымал серуендеу аймақтарының бірі — Терренкурде еркін өріп жүрген егеуқұйрықтардың видеосын әлеуметтік желілерде жарыса жариялап жатыр. Көлемді әрі кішігірім кеміргіштердің адамдардан еш сескенбестен демалыс орнында тайраңдап жүргені қалалықтардың үрейін ұшырды, деп хабарлайды «24KZ».
Желідегі шу: «Кино көріп отырсаң, қасыңнан жүгіріп өтеді»
Куәгерлердің айтуынша, зиянкестер Терренкур аумағында өте еркін қозғалады және маңайдағы адамдарға мүлдем үрейсіз қарайды.
«Терренкурде егеуқұйрықтарды көрген басқа да адамдар бар ма? Үлкенді-кішілі кеміргіштерді бірінші рет көріп тұрған жоқпын. Ең таңғалдырғаны - дәл қастарында адамдар пуфиктерде демалып, кино көріп, тамақтанып отыр, ал егеуқұйрықтар ештеңе болмағандай жанында жүгіріп жүр. Бұл жалғыз-жарым жағдай ма, әлде басқалар да кездестірді ме?» – деп жазды алматылықтардың бірі желіде.
Жазба астына пікір қалдырған қала тұрғындары бұл мәселенің тек Терренкурде ғана емес, мегаполистің өзге аудандарында да өршіп тұрғанын алға тартты. Олардың пайымдауынша, соңғы 2–3 жылда қалада кеміргіштер қатары тым көбейіп кеткен. Тұрғындар мұны көше мысықтары мен иттерінің азаюымен және дератизация жұмыстарының тиімсіздігімен байланыстыруда.
Коммуналдық инфрақұрылым басқармасының мәлімдеуінше, қалада зиянкестерді улау жұмыстары жоспарлы түрде жылына екі рет жүргізіледі:
Көктемде - 15 наурыз бен 30 сәуір аралығында өткен және күзде қазан-қараша айларында жүргізіледі.
Алайда, әлеуметтік желідегі бейнежазбаларға қарағанда, Терренкурге көктемгі тазалық жұмыстары аздық еткен сыңайлы. Әкімдік өкілдері жоспарлы шаралардан бөлек, тұрғындардан шұғыл шағым түскен жағдайда мамандардың нысандарға арнайы баратынын жеткізді.
Терренкур аумағында егеуқұйрықтар анықталған орындарда жоспардан тыс кеміргіштерді жою жұмыстары қайта ұйымдастырылды, — деп есеп берді әкімдіктегілер.
Айта кетейік, дәл осындай «егеуқұйрықтар шеруіне» алматылықтар өткен жылы да шағымданған болатын. Ол кезде де желіде қоқыс жәшіктері мен тұрғын үйлердің маңында емін-еркін жүрген кеміргіштердің видеосы жарияланып, үлкен резонанс тудырған еді. Санитарлық мамандар бұл мәселенің қала тазалығы мен тұрғындар денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін айтып, дабыл қағуда.