Елімізде титан өндірісі 7%-ға артуы мүмкін
Биыл елімізде титан құймалары мен қорытпаларының өндірісі 7 пайызға артуы мүмкін.
Былтырдың өзінде 87 млрд теңгеге 12 мың тонна титан сатылған. Олар негізінен, аэроғарыш саласында, мұнай-химия және атом өнеркәсібінде, медицина мен кеме жасау өндірісінде кеңінен қолданылады. Қазақстандық титанның аэроғарыш саласының жаһандық нарықтағы үлесі шамамен 20 пайызға тең. Үкімет басшысы бүгін «Өскемен титан-магний комбинаты» директорлар кеңесінің төрағасы Сильван Гелермен кездесіп, кәсіпорынның даму барысымен, инвестициялық жобалардың жүзеге асу үрдісімен танысып қайтты. Аталмыш өндіріс орны шикізат өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтитын әлемдегі ең ірі тігінен интеграцияланған титан өндірушілердің бірі. Алдағы 7 жылда кәсіпорынға 255 миллиард теңгеден астам сомада инвестиция тартылып, 25 жоба іске қосылмақ. Атап айтсақ, комбинаттың жобалық қуатын жылына 10 мың тоннаға ұлғайта отырып, кеуекті титан өндіру бойынша жаңа цех салу, газ тазарту жабдығын жаңғырту, сондай-ақ өндірістік деректерді, энергияны тұтынуды және өнеркәсіптік қауіпсіздікті талдау үшін жасанды интеллекті мен талдау платформасын қосу көзделіп отыр.