Ата-анаға баласын көруге кедергі келтіретін заң Конституцияға сай емес деп танылды

Бұл туралы бүгін Конституциялық Сот арнайы нормативтік қаулы қабылдады. 

Онда «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның және Әділет министрінің бұйрығымен бекітілген: жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлеріне ескертпенің ішінара Ата заңға қайшы екені айтылған. Дауланған норма бойынша, балалармен араласу тәртібі туралы сот шешімін мәжбүрлеп орындау кезінде жеке сот орындаушысының ақысы өндіріп алушы мен борышкерге тең жүктеледі. Талдау нәтижесінде Үкіметке бұл мәселені реттейтін заңнаманы Конституциялық соттың құқықтық ұстанымдарына сәйкес жетілдіру ұсынылды.

Мұхамеджан Нәлібаев, адвокат:

-  Әр кездесу 10 АЕК. Бір АЕК қанша болып жатыр қазір. 4500 теңге ме? Сонда 10 АЕК 45-46 мың. Сонда жылына 10 рет кездессе, 460 мың төлеуі керек. Ол Конституцияға қайшы деп ойлаймыз. 

Назгүл Тұяқбаева, конституциялық соттың талдаушысы:

- Ең басты мәселе – бұл баланың мүддесі болуы керек. Яғни ол ата-анасымен бірдей дәрежеде кездесуге мүмкіндік алуы керек. Сонымен қатар бұл мүмкіндік кез келген ата-ананың, яғни ата-ананың біреуінің мүліктік жағдайына байланысты болмауы керек деген шешім шығарылған болатын.