Ақтөбеде балалар алаңдары салынып, аумақтар абаттандырылады

Ақтөбеде балаларға арналған 32 ойын және спорт алаңы салынып, айналасы абаттандырылады. 

Жобалар биыл жергілікті тұрғындардың ұсынысымен жүзеге асырылады. Шаһардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бастамалар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында қолдау тапты.

Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған көпқабатты екі үйдің ортақ ауласында бұрын көлік тұрағы болатын. Балаларының барар жері болмағандықтан белсенді тұрғындар билік өкілдеріне былтыр футбол және ойын алаңы жобасын ұсынған. Ауланы абаттандыруға бюджеттен 29 млн теңге бөлініп, мамыр айында заманауи инфрақұрылым пайда болды.

Гүлзат Дүйсенәлиева, қала тұрғыны:

- Бұрын біз 26 мектепке, арттағы саябаққа барып ойнататын едік. Алайда небір жағдайлар болып жатқанына байланысты ол жерге баланың өзін жалғыз жіберуге қорқатын едім. Қазір көз алдымызда балалар ойнап, қуанып жүр. Екінші ұлым футболға қатты қызығады. Қатты қуанып жүр.

Тағы бір спорт алаңы Марат Оспанов көшесінде салынып жатыр. Құрылыс пен орнатылатын құрал-жабдықтардың сапасы көпқабатты үй тұрғындары мен тапсырыс беруші тараптың қатаң бақылауында.

Айбек Аймышев, мердігер мекеме өкілі:

- Жасанды газон төселіп тұр. Оның астына щебень мен құм-қиыршықтас қоспасы төселіп, бетіне отсев себіледі. Бұл балалардың қауіпсіздігі үшін жасалады. Бұған дейін алаңдардың астына бетон стяжка құйылатын. Алайда оның балалардың денсаулығына кері әсері болуы мүмкін. Сондықтан соңғы уақытта жобалар осы сметаға сәйкес жаңа тәсілмен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда жұмыстың шамамен 50 пайызы аяқталды.

«Халық қатысатын бюджет» Президенттің «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы аясында қолға алынға ауқымды жоба. 5 жыл ішінде Ақтөбеде 400-ге жуық нысан салынды. Ал биыл облыс орталығының Астана ауданының өзінде 11 кешеннің құрылысына қаржы бөлінді.

Баянбек Қырықбаев, Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі:

- Қуантатын жайт, халықтың қатысуы өте белсенді. Тұрғындардың арасында «Халық қатысатын бюджет» жобасын насихаттау кеңінен жүргізілгеннің нәтижесінде қазір жылына жүзден астам жобаға өтініш беріліп отырады. Қаланың орталық бөлігінде ғана емес елді мекендерде де осы жобаны жүзеге асыратын боламыз. Атап айтқанда Сазды елді мекенінде және Қанағат елді мекендерінде осы жұмыстар жүргізілетін болады.

Жалпы облыс орталығында биыл 32 балалар алаңы салынып жатыр. Халықтың қатысуымен құрылыс жұмыстарына бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінген. Мердігерлер күз айларына дейін барлық нысанды тапсыруы тиіс. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков