Конституциялық соттың тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденіп келеді
Конституциялық соттың тиімділігі тәжірибе жүзінде дәлелденіп келеді.
Адам құқықтары мен бостандығына қылдай қиянат жасалса қорған болатын орган. Тіпті арнайы органға азаматтармен қатар Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де жүгіне алады. Көпшілік әділеттілікті қамтамасыз етуге болатынына көз жеткізіп отыр.
Конституциялық сот Алматы әкімдігінің қаулысының нормасын Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды. Яғни қала билігі іштен жану қозғалтқышы бар көліктердің Шымбұлақ шатқалына кіруін шектеген. Осы шешімнің салдарынан алматылық тұрғын үйіне жете алмапты.
Мұхамеджан Нәлібаев, Ақмола облыстық адвокаттар алқасының мүшесі:
- Осы аумақта жекеменшік үйі бар азамат үшін ол жалғыз кіреберіс жол болғандықтан ол өз үйіне бензинмен жүретін көлікпен кіре алмаған. Соған байланысты Конституциялық сотқа шағым берген. Әрине, ондай мәселеле, ондай қаулылар азаматтарға өз мүлігімен пайдалануға шектеу қояды. Сол үшін ол заңсыз деп есептейміз.
Қаулыға қараса, шатқалға кіруге тек электр көліктеріне кедергі жоқ. Рұқсат берілген. Бірақ конституциялық соттың шешімімен экологтар да келіседі.
Әлия Баймағанова, Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасының кеңесшісі:
- Біздің қауымдастық бұны орынды қабылданған шешім деп санайды. Өйткені, шатқал аумағында тұратын адамның көлігі қоршаған ортаға кері әсерін тигізбейді. Өйткені көлік нөпірі жоқ.
Әлия Бердібаева, ҚР Конституциялық сотының сарапшысы:
- Конституциялық сот қаралған норма қаншалықты азаматтардың құқықтары мен қоғамның мүддесі сыйымдылығын қамтамасыз етіп отыр деген тұрғыдан тексеріп, өз ұстанымдарын білдірді.
Бұдан бөлек аталған орган ішкі істер құрылымы қызметкерінің лауазымын қалпына келтіру құқығын қорғады. Осылайша еңбек хақы мен бірге тиісті төлемдері де қайтарылады.
Әнуар Сабыров, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі аппараты басшысының орынбасары:
- Конституциялық сот бұл азаматтардың сот арқылы қорғалу құқығын бұзады деп шешті. Мұндай толық емес тізімді Конституцияға сәйкес емес деп таныды. Енді Үкімет алты ай ішінде заңдарға түзетулер дайындау керек.
Ерболат Абулхатин, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры:
- Конституциялық сот осы еңбек нормаларын қолдану туралы қосымша тағы да шешім шығарды. Бүгінгі және бұрынғы қабылданған Конституциялық соттың шешімдері тиімді және жүйелі еңбек қорғау саласындағы сот шешімдерін қалыптастыруға бағытталған.
Конституциялық соттың сүйенетіні Ата заң. Сондықтан мемлекеттік органдардың ұйғарымы да соған сай болуы тиіс. Яғни бас құжатқа олқы тұстар оңтайлы шешім саналмайды. Сараланып, салмақты бағасы беріледі.
Нысаналы Ығыл, Мерей Талап