Конституциялық Соттың Төрағасы Венеция комиссиясының пленарлық отырысына қатысты
Венеция қаласында Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясының 148-пленарлық отырысы өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Іс-шараға Комиссияға мүше 47 мемлекеттің, сондай-ақ Еуропа Кеңесі мен Еуропалық Одақ институттарының өкілдері қатысты. Қазақстан атынан Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Әзімова барды. Отырыста бірнеше елдің заңнамалық және институционалдық мәселелеріне қатысты қорытындылар қаралды. Негізгі назар конституциялық өзгерістерге, мемлекеттік институттардың ұйымдастырылуы мен қызметіне, сот жүйесінің тәуелсіздігіне, парламенттік әдеп пен сайлау құқықтарына аударылды. Азаматтардың шетелде дауыс беруі және үкімет мүшелерінің қылмыстық жауаптылығы мәселелері бойынша салыстырмалы-құқықтық баяндамалар ұсынылды. Қазақстанның Венеция комиссиясының жұмысына қатысуы конституциялық құқық пен Конституциялық Сот төрелігін дамытудағы халықаралық тәсілдермен танысуға, сондай-ақ құқық үстемдігін қамтамасыз ету және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.