Жасыл желектерге күтім жетіспейді

Жасыл желектің қадірін қанша айтсақта қалаларда жыл сайын көз қылып егілетін жасыл желектің бір бөлігі өспей қалады. 

Өскеменде дәл осындай жағдай. Саябақтар мен көшелерге егілген жүздеген ағаш уақытылы суарылмағандықтан қурап қалған. Экологиялық шығынды жергілікті экологтар есептеп жатыр. Табиғат жанашырлары жасыл желекті баптау үшін қалада арнайы мекеме құру керек деп санайды.

Жақында ашылған мына аллеяны қаланың көркін келтіріп тұр деп айтуға келмейді. Уақытылы суарылмаған жасыл желек өспей жатып қурап қалған.Тұрғындар көгалдандыруға жұмсалған ақшаның желге ұшқанына наразы.

Мақпал Демежанова, Өскемен қ. тұрғыны:

- Қалада онсыз да ауа нашар, балалар үнемі ауырады. Мұндағы шөптердің бәрі не қаралмайды, не суарылмайды, арам шөптер де жұлынбайды. Ағаштарды да үнемі кесіп тастайды. Негізі осының бәріне көңіл бөліп, жақсылап қараса, жақсы болар еді.

Эколог Дәулет Асановтың көгалдандыру мәселесін көтеріп жүргеніне көп жыл болды. Қоғам белсендісі қаладағы жасыл желекті  күтіп-баптайтын арнайы мекеме құруды ұсынады. Тек биыл ғана Өскеменде 5 мың түп ағаш егілген. Уақытылы суарылмаса олардың қурап қалмасына кім кепіл?

Дәулет Асанов, эколог:

- Қалада көгалдандыру бойынша жеке заңды тұлға болу керек. «Өскемен тазалық» сияқты өздерінің базасы, техникасы, адамдары болу керек.  Олар әрқашан қай жерге көгал жасау керек, қай жерге тоғай егу керек, қай жерді суғару керек, соның бәрін өздері қадағалап, өздері жасап жүрер еді. Ал қазір ме,млекеттік сатып алуға қарайды да, кейбір нәрсе кешігіп қалады, кейбір нәрсе мүлде жасалмай қалады. Егеді, қалдырады, оның артынан ешкім қарамайды. 

Облыс әкімдігі жанындағы Экологиялық қорғау бюросының жетекшісі Елена Березинская-Әбілова қала басшылығының көгалдандыру мәселесінде жауапкершілігін күшейту керек деп санайды.

Елена Березинская-Әбілова, Экологиялық қорғау бюросының жетекшісі:

- Экология және тұрғын үй, коммуналдық салаға жауапты әкімнің орынбасары жағдайды жіті қадағалауына алып, «Шешек» асуында егілген 8 мың талды сақтап қалу үшін барынша күш салу керек. 

Биыл егілген ағаштардың бір бөлігі тиісті күтім болмағандықтан қурап жатыр. Экологтардың сынынан кейін жергілікті билік экосаябақтарда суару жүйесін жолға қойды. Таяу екі жылда қаланың дендрожоспары жасалып, әрбір түп ағашқа электрондық төлқұжат бекітілуі тиіс. Бұл жұмыстарға 150 миллион теңге инвестицияланады. Экологиялық акцияларға қомақты қаражат жұмсалатынын ескерсек, жасыл желектердің күтімін ерекше назарда ұстау керек екені анық.

Авторлары: Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов.