«Арзан баспана алып беремін»: Өскемендік жігіт 25 адамды сан соқтырды
Өскеменде «мемлекеттік бағдарламамен арзан баспана алуға көмектесемін» деп жұртты сан соқтырған жігіт ұсталды. Қазір тәртіп сақшылары 30 жастағы күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамады, деп хабарлайды «24KZ».
Күдікті құрбандарын құрығына түсіру үшін тыңғылықты дайындалған. Бір баспананы жалға алып, оны адамдарға жарнамалаған. Яғни адамдарды сол үйдің болашақ қожайыны болатынын айтып сендіреді. Жұрттың сеніміне кіру үшін пәтерді рәсімдеуді де өз мойнына алыпты. Оған сенген 25 адам ақшасын беріп, енді бармағын шайнап қалды. Осылайша жымысқы әрекетімен екі жылда 186 миллион теңгеден астам қаражатты қалтасына басқаны анықталды.
Алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жауап алғанда кінәсін мойындады. Полиция департаменті тұрғын үй сатып алу кезінде құжаттарды және келісімшарттың заңдылығын мұқият тексеруге шақырады», — деді ШҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Нұрманбеков.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз