СҚО-да 64 инвестициялық жоба іске асырылады
«Солтүстік Қазақстан облысы шілденің 20-ына дейін жылыту маусымына дайын болуы тиіс».
Өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев осындай тапсырма берді. Вице-премьер Петропавлдағы жылу электр орталығының жұмысымен танысып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік нысандарда болды.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың жұмыс сапары Петропавлдағы электротехникалық зауыттан басталды. Кәсіпорында жылына 13 мың транформатор құрастырылады. Өнімнің негізгі бөлігі ТМД елдеріне экспортталады.
Жанболат Орақбаев, зауыт менеджері:
- Бізде негізі трансформатордың 13 позициясы бойынша 72 түрлі өнім шығарамыз. Тағы да бізде арнайы экономикалық аймақ бойынша 20-дан астам өнім шығару көзделіп отыр.
10 мың жаңа жұмыс орны ашылады
Солтүстік Қазақстан облысында инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы құрылған. Оның аясында 64 өндіріс орны іске қосылып, 10 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Оған 1,1 трлн.теңге инвестиция тартылған. Вице-премьер “Қызылжар” экономикалық аймағындағы ірі кәсіпорындарда болып, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайымен танысты.
Бұл Солтүстік Қазақстан облысындағы ең ірі машина жасау зауыты. Кәсіпорында жылына 3,5 мың дана темір жол вагоны шығарылады. Өндіріс толық цифрландырылған.
Жылыту маусымына ₸20,7 млрд бөлінді
Бұдан кейін Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Петропавлдағы жылу электр орталығының тыныс-тіршілігімен танысты. Биыл станцияны қайта жаңғыртуға 20,7 млрд.теңге қарастырылған. Вице-премьер жылыту маусымына дайындық шараларын шілденің 20-ына дейін аяқтауды тапсырды.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- Жылу қазандығы, ЖЭО бар, барлық әлеуметтік нысан құжатын 20 тамызға дейін дайындау керек. Біз тамыз айының соңына дейін бұл мәселені қараймыз. Сол кезде барлығы көтеріледі. Сондықтан облыс пен қала 100 пайыз дайын болу керек.
«Қызылжар» экопаркі салынып жатыр
Петропавлдағы Пёстрое көлінің жағалауында «Қызылжар» экопаркі салынып жатыр. Қазір мұнда 8 гектар аумақ абаттандырылып, 540 ағаш егілді. Заманауи веложолақ, ойын және балалар алаңдары салынды. Қауіпсіздік шараларын күшейту үшін полиция мен медициналық пункт және құтқару станциясы ашылды.
Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
- 8 шақырымға жуық веложол, жаяу жүргінші жолы халыққа керек. Бүгінгі күннің өзінде салқындау болса да, оған қарамай халық келіп жатыр. Ертең күн ыстық кезде көп келеді ғой. Қала таза болуы керек. Мемлекет басшысы оны үнемі айтып келе жатыр.
8 мың ірі қараға арналған мегаферма ашылады
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Новоникольск ауылында салынып жатқан мегафермада болды. Оның құрылысына - 9 млрд.теңге қарастырылған. Асылтұқымды сиырлар заманауи кешенде сауылады. Бұдан кейін вице-премьер елді мекендегі әлеуметтік нысандарды аралап, мемлекеттік-жекеменшік әріптесігі аясында жүзеге асқан жобалармен танысты. Сапар соңында Нұрлыбек Мәшбекұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттырып, Президент тапсырмаларының қатаң орындалуын тапсырды.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков