Қызылқайрат ауылының тұрғындары су сатып алуға мәжбүр

Көпшілік жаз басталса арқаны кеңге саламыз деп қуанады. Ал Алматы облысы Қызылқайрат ауылының тұрғындары үшін аптап ыстықта ауызсудың азабы басталады.

Тұтынатын суды сатып алып жан сақтауға болар-ау, күнделікті тұрмысы тіршілік көзіне байланған адам үшін сусыз қиын-ақ. Жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселеге тілшіміз үңіліп көрді.

Қызылқайрат ауылы аудан орталығы Талғар қаласының дәл түбінде тұр. Таудың етегінде орналасқан ауылдың табиғаты керемет. Бірақ жаз басталса ауылда су тапшы. Құбырдан сыздықтап су ақса бос ыдыстың бәріне су толтырып аламыз,- дейді тұрғындар. Себебі, артынша тоқтап қалады. Жинап алған су ішуге әрең жетеді. Одан бөлек ыдыс-аяқ пен кір-қоңды жууда мұңға айналды.

Ғалима Жүнісова, Қызылқайрат ауылының тұрғыны:

- Көшенің барлығы көпбалалы отбасы, әр үйде 4 бала, 5 бала, 6 баладан. Үлкен қариялар бар, ауырып жатқан кісілер де бар. Намаз оқитын кісілер бар. Уақытында су іше алмаймыз, тамаққа су жоқ. Е-өтінішке де жаздық өткен аптада.

Аида Қасымбаева, Қызылқайрат ауылының тұрғыны:

- Анау анаған сілтейді, мынау мынаған сілтейді, құбыр көтермей жатыр, біз жаққа жаз бойы мүлдем су келмейді. Шешеміз дейді, шешілмейді.

Қызылқайратқа ауызсу Талғар өзенінен келеді. Резервуардағы су көлемі жаз басталса төмендейді. Себебі ауылда арық жүйесі жоқ. Адамдар бау-бақшасы мен бассейнге қажетті суды резервуардан алуға мәжбүр. Жергілікті әкім тапшылық осыдан туындап отыр деп ақталды.

Азамат Сейітов, Алатау ауылдық округінің әкімі:

- Рейс жасаймыз күн ыстықта. Барсақ «мен ақша төлеймін» дейді де бір шелекпен, әлде бір ожаумен суаратын жерге барады да шлангамен ағызып қойып жата береді. Себебі олар келісім-шарт бойынша «счетчигі» бар, біз ештеңе істей алмаймыз ғой. Бірақ адам бірін-бірі құрметтеуі керек. Қазіргі жұмыс істеп тұрған қолданыстағы резервуарды үлкейту керек. Соған біз жоба жасатамыз, енді оған дейін халық өзі суды үнемдемесе, шешілетін сұрақ емес ол.

Ауызсудың мардымсыз ағуының тағы бір себебі – тозығы жеткен құбырлар. Қазір ауылда сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту қолға алынған. Онымен бірыңғай оператор Alatau Public Utilities айналысуда.

Еркебұлан Құрманғазиев, учаске бастығы:

- «Нуринский водопровод» деген бар. Біз негізі суды сол «Нуринскийдан» аламыз. Тоғыз ауылға 400-дік негізгі құбыр беріледі. Сол құбыр жарылған кезде біз амалсыз суды өшіруіміз керек. Себебі резервуарымыз құлап бара жатыр. Резервуар құласа, ауа кіреді системаға.

Су мамандары әр құдықты ашып, құбырдағы ауаны айдап, судың қысымын реттеуде. Әзірге, қолдан келер шаруа осы, - дейді олар.

Мынадай көріністі Қызылқайрат ауылының кез келген үйінің алдынан байқауға болады. Ауылдағы су  мәселесі жақын уақытта шешілмейді. Ауылдық округ әкімінің сөзінен осыны ұқтық. Елдімекен тұрғындарының саны бес есе көбейген. Жеке шаруа қожалықтарына тұрғын үйлер тұрғызылып, ауылдың көлемі ұлғайған. Ал қазіргі резервуар көлемі сумен қамтуға жетпейді. Қазір ауылдың бас жоспары жасалды. Енді елдімекеннің шекарасы мәслихатта бекітілген соң ғана жаңа резервуар салуға ұсыныс жолданады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон