Қатон-Қарағайдағы Рахман қайнарына жету жеңілдейді
Қатон-Қарағайдағы курортты аймаққа енді жету жеңілдейді.
Қазір тау арасындағы жолдың құрылысы қарқынды. Мамандардың айтуынша, бұл бағытта бұрын сапалы жол болмаған.
Қатон-Қарағайдағы Рахман қайнарының шипалы суы елге мәлім. Жұрт көл басына ем алуға да, демалуға ағылады. Алайда қайнарға жету қиын еді. Былтырдан бастап жолы жөнделіп жатыр. Астанадан келген Кәрімовтар отбасы жеңіл көлікпен жеттік дейді. Келгелі тұмса табиғатқа таңданумен жүр.
Жарқын Кәрімов, турист:
- Рахман қайнары туралы көп естідік. Алайда көп естігенше бір көрген артық деп мінеки ақыры осында жеттік. Келгенімізге өкінбейміз. Мынадай табиғатты шет елде кездестіру қиын. Сондықтан қолда бар осындай байлықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек.
Қайнарға апаратын 13 шақырым таулы жолда құрылыс қызу. Жол түзетіліп, тегістеліп, әрі кеңейтіліп жатыр. Жолшылар тау қопарып, тас жарып автожол төсеуде. Қауіпсіздікті сақтау үшін таңғы алтыдан, кешкі алтыға дейін көліктердің өтуіне шектеу қойылған.
Әділет Жампейісов, “Қазавтожол” ҰК ШҚО филиалы директорының орынбасары:
- Жол салу бұл жерде өте қиын,тік жерлерде жаңағы үлкен самосвалдарға катктарды тіркеп, көмек жасап, страховка етіп, тік жерлдерде сондай іс қимыл жасалып жатыр. Жұмыс қазір қарқынды жүріп жатыр.
Жолды жөндеуге республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Былтыр ені 4 метрден 8 метрге кеңейтілді, 23 су өткізу құбыры салынды. Жол бойында 3 көпір болады. Құрылысшылардың айтуынша, осы қарқынан танбаса Рахман қайнарына апаратын автожол күзде толық асфалтталып, қолданысқа беріледі. Сол кезде өзге де туристік нысандарға жету жеңілдейді.
Ирина Смит, ШҚО туризм басқармасы басшысының орынбасары:
- Өлкеде Тереңсай асуын айналып өтетін жол құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар Берел өзенінен өтетін көпір жөнделуде, ол Қаракөлдің басына жетуге мүмкіндік береді.
Осылайша облыста табиғаты әсем демалыс орындарына апаратын жалпы ұзындығы 144 шақырым жол жаңартылады. Демек, туристер легі де артады деген сөз,- дейді жауаптылар.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов