БҚО-да теміржол инфрақұрылымын жаңарту жалғасып жатыр

Батыс Қазақстан облысында теміржол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасуда.

Қазіргі таңда бірден төрт нысанда құрылыс жүріп жатыр. Шыңғырлау ауданында жаңа вокзал ғимараты алынса, Бөрлі және Тасқала аудандарында станциялар күрделі жөндеуден өтті. Ең ірі жоба облыс орталығында жүзеге асырылуда.

Орал теміржол вокзалы соңғы жылдардағы ең ауқымды жаңғыртудан өтіп жатыр. Қазір жолаушылар пойызды уақытша модульдік контейнерлерде күтуде. Уақытша қолайсыздықтарға қарамастан қала тұрғындары оң өзгерістерді байқап жүргенін айтады.

Карлығаш Манбетжанова, Орал қаласының тұрғыны:

- Жақсы ремонттап жатыр. Бұрыңғысына қарағанда, қазіргісі жақсы, күшті. Бітіреді деп жатыр, майда бітіреміз деп еді, енді күзге қалады. Ремонты көп қой, 60 жылда бір ремонтталмаған. Өте жақсы ремонттап жатыр, күшті. Енді новый вокзалдан мініп барамыз. Мына новый вокзал жақсы салып жатыр, күшті, айтатыны жоқ. 

Жолаушылардың қатынауын ыңғайлы әрі қауіпсіз ету үшін мұнда инфрақұрылым толық жаңартылуда. Ғимаратта және аумақта лифтілер, эскалаторлар және заманауи бейнебақылау жүйесі орнатылады. Перрондағы мына қалқа күн сәулесі мен жауыннан қорғайды. Барлық жұмыс аяқталғаннан кейін пойыздарға өту сызбасы да өзгереді.

Жалғас Аманғалиев, «Орал» вокзалының басшысы:

- Қосымша конкорс жасалды. Бұрын жолаушылар туннель арқылы өтетін. Енді перронға конкорс арқылы шығады. Сонымен қатар лифтілер мен эскалаторлар қарастырылған. Жолаушылардың қолайлығы үшін барлығы жасалып жатыр.

Вокзал ғимаратымен қатар оның айналасындағы аумақ та жаңартылуда. Жоба құны бес миллиард теңгеден асады. Құрылыс басқармасының мәліметінше, жұмыстар жоспарға сай жүргізілуде.

Нұркен Молдашев, БҚО құрылыс басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда жұмыстардың орындалуы 92 пайызды құрап отыр. Аз ғана жұмыс пен технологиялық жабдықтар қалды. Негізінен бір ай ішінде аяқталады деп жоспарлап отырмыз. 20 шілдеге қарай ашылу салтанатын өткіземіз.

Орал арқылы бүгінгі таңда жергілікті және транзиттік бағыттағы пойыздар өтеді. Негізгі бағыттар Саратов, Алматы және Астана. Демалыс пен каникул маусымында теміржол торабы тәулігіне тоғыз жүзге дейін жолаушы қабылдайды. 

Карина Хаберова, Альбина Құмарғалиева, Қалыбек Ақрап