Қазақстан әлемдік туризм рейтингінде 28 сатыға жоғарылады
Қазақстан әлемдік туризм рейтингінде 28 сатыға жоғарылады. Осылайша, Орталық Азиядағы көшбасы елдердің қатарына енді.
Биыл үш айда еліміздегі қонақүйлер мен демалыс орындары 2 миллионға жуық туристке қызмет көрсеткен. Бұдан қазынаға 69 млрд теңге кіріс түсті. Бұл жылдағыдан 14 пайызға көп. Мамандардың пайымынша, туристер нөпірінің артуына визасыз режим зор ықпал еткен. Бұған қоса, мемлекеттер арасында тікелей әуе рейстерінің көптеп ашылуы саланың дамуына тың серпін берді.
2026 ж 3 айда
2 млн жуық туристке қызмет көрсетілді
Бюджетке 69 млрд теңге кіріс түсті 14% көп
Рашида Шайкенова, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры:
- Үндістан және Қытай азаматтары үшін визасыз кіру тәртібінің енгізілуі маңызды қадам болды. Қазіргі таңда Қытай нарығы ерекше белсенділік танытып отыр. Туристік байланыстарды енді ғана дамыта бастаған кезеңде бізге негізінен бюджеті шектеулі азаматар келетін. Ал бүгінде Қазақстанға іскерлік мақсатпен келетіндердің қатары едәуір артты.
Ішкі туризм де қарқын ала түскен. Туристер ең көп барған өңір – Алматы. Одан кейін Астана, Ақмола облыстары саяхатшылар үшін тартымды болып тұр. Былтыр туризмнің ел экономикасына қосқан үлесі 5 триллион теңгеге жетіп, жалпы ішкі өнімдегі үлесі 3,1 пайызды құрады. Қазір бұл салада 600 мыңнан астам адам еңбек етеді.