Әл-Фарабидегі апат: Александр Пак 10 жылға сотталды

Алматыда қоғамды дүр сілкіндірген Әл-Фараби даңғылындағы қайғылы жол-көлік оқиғасына қатысты сот нүктесі қойылды. Үш адамның өмірін қиған Zeekr электромобилінің жүргізушісі Александр Пакқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды "24KZ".

Сот алқасы мемлекеттік айыптаушының уәждерін толықтай қолдап, айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 4-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу) бойынша кінәлі деп таныды. Сот айыпталушы Александр Пакты заң аясындағы ең ауыр жаза мерзіміне кесіп,  10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде  өтейтін болады. Сонымен қатар, Александр Пак өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.

 Зардап шеккен тараптың азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырылды. Қаза тапқан бойжеткеннің әкесінің пайдасына сотталушыдан 10 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндірілді.

 

Еске сала кетейік, атышулы жол апаты Алматының бас артериясы саналатын Әл-Фараби даңғылында болған еді. Жоғары жылдамдықпен қозғалған Zeekr маркалы электромобиль басқа көлікпен соқтығысып, соның салдарынан үш адам оқиға орнында тіл тартпай кеткен болатын. Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл іс бірнеше ай бойы жіті бақылауда болды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар заңда белгіленген мерзімде үкімге қатысты апелляциялық шағым түсіруге құқылы.