283 ирригациялық канал автоматтандырылады

Еліміздің оңтүстігінде 283 каналды автоматтандыру жобасы іске асуда.

Қазірдің өзінде Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы 88 канал цифрлық жүйеге көшірілсе, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында тағы 195 каналда жұмыстар жалғасып жатыр. Сондай-ақ елде Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленді. Жаңа платформа су нысандары, су қоймалары мен су пайдаланушылар туралы мәліметтерді бір базаға біріктіреді. Бұдан бөлек су тұтынуды болжау жүйесі енгізіліп, жасанды интеллект пен ғарыштық мониторинг технологияларын пайдалану бағытындағы жұмыстар қолға алынған. Мамандардың айтуынша, цифрлық шешімдер су шығынын азайтып, су ресурстарын басқарудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Қайратғали Хайрулла, "Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы" КЕАҚ басқарма төрағасы:

- Біздің жасап жатқан жұмысымыздың негізгі мақсаты – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бірінші кезекте, су тапшылығы қанша жерден орын алғанымен, экономика секторлары оның зардабын сезінбеуі керек. Сондықтан біздің мақсатымыз – суды тиімді басқару. Яғни келіп жатқан суды дұрыс пайдалану, оның есебін жүргізу. Су кодексіне сәйкес, ең алдымен халықты ауыз сумен қамтамасыз ету, табиғатқа қажетті суды беру, содан кейін экономика секторларының қажеттілігін өтеу көзделген. Осы цифрландыру жүйесі – аталған міндеттерді іске асырудың негізгі элементтерінің бірі.